Азаматтық авиация комитеті мейрамхана алдына жас жұбайларды тікұшақпен алып келген ұшқышты жұмыстан босатты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жас жұбайларды тойға апарып, ережені бұзған пилотқа қатысты шара қолданды.
15 шілде күні қазақстандық БАҚ Falcon Avia ЖШС-нің R-44 тікұшағының видеосын жариялаған болатын. Видеода тойға тікұшақпен барған жас жұбайларды көруге болады. Өз тойларына ерекше келудің әдісін ойлап тапқан қазақстандық жас жұбайлар желі қолданушыларын таңғалдырды. Оқиға Шу қаласында болған.
«ҚР-ның азаматтық авиациясының ұшу ережесінің 423-тармағында қарастырылған нормалар сақталған жоқ. Бұл факті бойынша елді мекенге қонған тікұшақ капитаны А.Матвиенко ұшудан шеттетілді. Сондай-ақ, инспекциялық комиссия «Falcon Avia» жұмысын тексеріп жатыр», - деп жазылған авиациялық комитет хабарламасында.