Польшада 1967 жылдан бері өтіп келе жатқан халықаралық «Faces of Traditions» ұлттық салт-дәстүрлер байқауына Қазақстан биыл алғаш рет қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. Осы тұста байқауға қатысуға өтінім беріп, еліміздің атынан барған команданы ұйымдастырушы Ақбота Қалиевамен ҚазАқпарат сұхбаттасқан болатын.
«Аталған байқау Польшаның батыс аймағындағы Зелёна-Гура қаласында жарты ғасырдан астам уақыт тұрақты түрде өтіп келеді. «Faces of Traditions» байқауында әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық салт-дәстүрі мен құндылықтарын қойылым, өнер және ұлттық тағамдар мен ойын арқылы көрсетеді. Қазақстан өз кезегінде бұл байқауға алғаш рет қатысты. Жалпы байқауға әлемнің 70-ке жуық елінен өтінім келіп түскен. Әділқазылар алқасы соның ішінен тек 6 елді (Литва, Словакия, Украина, Польша, Румыния және Қазақстан) ақтық сынға таңдап алды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Байқауға өтінім беріп алып, біраз уақыт демеуші іздедік. Нәтижесінде Алматы қалалық туризм басқармасы қолдау білдірді», - деді «Сарбаз рухы» тарихи-патриоттың клубының өкілі, байқауға Қазақстан командасының қатысуына ұйытқы болған Ақбота Қалиева.