ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына келіп, жарылыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарына тартылған бірқатар облыс пен аудандарға қарасты секторларды аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Арыстықтарға апта сайын келуге уәде берген Үкімет басшысы Маңғыстау облысы мен Сайрам ауданына тиесілі аумақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп шықты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жергілікті халық қиналған сәтте бір кісідей жұмылып, қолдау білдірген барша қазақстандықтарға шексіз алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Сайрам ауданына бекітілген секторда жалпы саны 331 тұрғын үй бар болса, соның 279-ына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 4 үй жаңадан салынбақ. Қазір мұнда зақым келген үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін құрылысшылар барын салуда. Аптап ыстыққа қарамастын 7 бірдей құрылыс компаниясы мен 310 жұмысшы күндіз-түні жұмыс істеуде. Сол жұмыстардың арқасында бүгінге дейін 102 баспана жөндеуден өтіп, 147 үйде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үкімет басшысы мұнан соң Қостанай облысы мен Сарыағаш аудандарына бекітілген сектордың да жұмысымен арнайы танысты. Мұнда Үкімет басшысы апат кезінде баспанасы жарамсыз күйге түскен жергілікті тұрғын Рүстембек Қалмахановтың үйіне барып, жаңадан салынып жатқан баспананың құрылысын көріп шықты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Арыс қаласында 8408 жеке тұрғын үй мен 105 көп қабатты үй бар. Жарылыс салдарынан 7171 жеке тұрғын үй мен 97 көп қабатты үйге зақым келсе, 205 жеке тұрғын үй мен 8 көп қабатты үй жарамсыз деп танылды. Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 7597 жеке тұрғын үй мен 98 көпқабатты үйге ақау актілері жасалып, 4572 жеке үй мен 78 көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 107 жеке тұрғын үй мен 1 көпқабатты үйді қайта соғу жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге дейін 1413 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындарға тапсырылды. Әрбір сектордағы жұмыстарды жүргізу үшін облыс, қалалардан 6441, облыс аудандарынан 349 жұмысшы тартылған. Баспанасыз қалған тұрғындарға орта мектептен 800 орын дайындалып, олар жатын орынмен және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда тиісті орталықта 106 отбасындағы 371 адам орналастырылған. Сондай-ақ, апат болған аумақта 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Оның 54-і білім, 8-і денсаулық сақтау және 4-еуі спорт нысандары. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 66 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.