19.07.2019, 12:20

Ақмола облысындағы 69 ауыл өзін-өзі басқарады

Фото: Хабар 24
Жақсын ауданына қарасты 3 ауылдық округтың жеке бюджеті жасақталды.

Жыл басынан бері Ақмола облысындағы 69 ауыл өзін-өзі басқаруға көшті, деп хабарлайды «Хабар 24 арнасы». 

Жақсын ауданына қарасты 3 ауылдық округтың жеке бюджеті жасақталды. Олардың арасында Жаңақима елді мекені де бар. Биыл аталған ауылда жергілікті бюджет есебінен 2 бірдей көше жөнделген. Үш көшеге жарық орнатылды.

Ауыл басшылығы енді орталық саябақты қалпына келтіруді көздеп отыр. Қазір Жаңақимада екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Ондағы кіріс көлік, мүлік және жер салығынан түсіп отыр.   

«Биылғы жылға бекітілген бюджет 26 млн 700 мың теңгеге жуық. Оның 8 млн теңгесі салықтан түседі. Қалған қаражат аудандық бюджеттен бөлінеді. Жергілікті қазына қаржысын ауылды абаттандыруға, инфрақұрылымды жақсартуға жұмсаймыз», - дейді Жаңақима ауылдық округінің әкімі Ерлан Сыздықбаев.