19.07.2019, 14:40

Тараз қаласында тандыр нанның ішінен шеге табылды

Түскі ас ішуге қамданғанда, тандыр нанның ортасынан шыққан шегені байқайды. Мұндай жағдай болады деп ойламаған тұрғын бұл көріністі дереу бейнекамераға түсіреді.

Тараз қаласында тандыр наннан шеге шығып, жергілікті тұрғындардың жағасын ұстатты, деп хабарлады «КТК» арнасы.

Тараз қаласы «Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғыны Лаура Азатбекова үй маңындағы дүкеннен әдеттегідей нан алып келеді. Түскі ас ішуге қамданғанда, тандыр нанның ортасынан шыққан шегені байқайды. Мұндай жағдай болады деп ойламаған тұрғын бұл көріністі дереу бейнекамераға түсіреді.

«Балалар үйде болмай қалды. Әйтпесе, олар нанды тістеп жегенде не болатын еді?! Енді санэпидқадағалау мекемесі мұндай оқиғаларды болдырмау үшін бәрін қарап, тексеріп шықсын», - дейді ол.

Шынында да, ас атасының іші­нен шегенің шығуы - жаға ұс­татарлық жағдай. Елімізде мұндай өрескел жағдай бүгін ғана емес, бұрын да болған. Аталмыш дүкенге нан жеткізуші наубайхана шаһардағы бұрынғы көк базар маңындағы ескі сарайда орналасқаны белгілі болды.

«Біз тек шағымданушылардың арызы бойынша ғана тексеріс жүргізе аламыз. Шағымға байланысты жоспардан тыс тексеріс кезінде нысанда кемшіліктер анықталып жатса, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабы, 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Сондай-ақ кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі»,- дейді Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам обьектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Мағфуза Давилова. 

Алайда, ол жергілікті тиісті мекемелер кәсіпкерлерге тікелей тексеріс жүргізуге дәрменсіз екенін айтады. Ол үшін еліміздегі жеке кәсіпкерлікті қорғайтын заң бойынша прокуратураның арнайы рұқсаты қажет.

Тегтер: Тараз нан шеге