$ 494.87  520.65  4.91

«Мәңгілік Ел» идеясы жас ұрпақтың айнымас қазығы

Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендеген сәттен бастап, ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды. Бұл тұрғыда көптеген ұсыныстар ортаға салынып, қоғамда қызу пікірталастар болғаны белгілі. Шын мәнісінде, ұлттық идея – ұлттың сол тарихи кезеңде өзін өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар.

Ұлттық идея – туған жер, өскен ор­та әсерлерінен қалыптасып, халық­тың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сү­­реді, жойылмайды, құбылып өзгермейді. Ол бірнеше ғасыр бойы отар­шылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркен­дету, мемлекеттік деңгейде ұлт­тық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қай­тару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеу­лер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүк­тейді.

Қазақтың ұлттық идеясы туралы кезінде әртүрлі пікірлер ай­­тыл­ғанымен, оның айқын тұ­жырымы қалыптасқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрініс берген ізденістер бір арнаға тоғыспай, аяқсыз қалды. Міне, осы сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсетінін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп, ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жү­регі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәң­гілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақ­тың мәңгілік болашағын баян­ды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ен­деше, Қазақ елінің ұлттық идея­сы – «Мәңгілік Ел», деді. Н.Назар­баев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік Ел бола алатынымызды атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында: «Мәңгілік Ел» идеясы оқу бағдарламасына енуі керек. Бұл идея қазақстандық бір­егейлік бағытындағы ең ма­ңызды құжатқа, екінші конс­ти­туцияға айналуы қажет. Осыны ұғынуға тиіспіз», деді. Расында да, біріншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеп, зерделеуде, насихаттауда һәм оқу үдерісіне ен­гізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл іске көзі ашық, көк­ірегі ояу әрбір отандасымыз үлес қос­қаны абзал.

Екіншіден, ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, білімгерлерге жете жеткізу үшін қажырлы жұмыс істеуіміз керек. Өскелең ұрпақтың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.

Үшіншіден, келешегі кемел «Мәңгілік Ел» идеясын Қазақ­стан­ның барлық аймақтарына жеткізу жұмыстың бір парасы ғана. Ол жаһандық ақпараттық, ғылыми кеңістіктен ойып тұрып орын алуы тиіс. Бұл орайдағы сүбелі жұмыстар отандық ғалымдар мен БАҚ өкілдерінің еншісінде.

Төртіншіден, қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақ­тың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз, жа­ңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық негізге сүйену.

Біздің қоғам өзінің ерек­шелік­теріне қарай гуманизм, патриотизм, төзімділік, адамгершілік, ұлтаралық сыйластық пен ашық­тық ұстанымдарын алға қояды. Бұл құндылықтар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностарды біріктіретін ұлттық идеяға негіз бола алады. Ал оны мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақ­тың санасына сіңірудің маңызы зор екені бесенеден белгілі.

Қорыта айтқанда, Президент алға қойған зияткерлік реформасы – болашақтың біртұтас ұлты – Қазақстанды одан әрі дамытудың ұлы негізі, қоғамды Мәңгілік Ел ұлттық идеясы төңірегінде топтастыру әдісі. Елдің өркендеуі мен тәуелсіздігі, азаматтық тең­дік, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, әділдік, заңның басымдығы, отбасы және дәстүрлер – осы құндылықтардың бәрі мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің тұғырлы іргетасы екені сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары