Ресей Федерациясынан 1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырту алған Ұлы Отан соғысының жауынгері семейлік Сартай Бейімбетовтың сүйегі табылды. Жауынгердің қабірінен алынған бір уыс топырақ оның туған жерінде қайта жерленді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Семей ақпараттық орталығының мәліметінше, із-түссіз жоғалған сарбаз жайлы ақпаратты туыстары 7 жыл бойы іздеген екен. Нәтижесінде, оның сүйегі Ресейдің Калинин облысы, Старицкий ауданы, Лебедево ауылында жерленгені анықталды. Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатының хабарлауынша, жауынгер алған жарақатынан 1943 жылы қайтыс болған. Сартай Бейімбетов өзінің жауынгерлік жолын Қызыл әскер құрамында 653 атқыштар полкінде, 102-ші дивизияда өтеген.
«Мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Осы уақытқа дейін көзім жастан құрғамай, әкем жайлы ештеңе білмей кетемін бе деген оймен жүрдім. Көңілім бүгін орнына түсті. Ресей Федерациясының Лебедево ауылында жерленіпті. Жасым 82-ге келсе де, басына барып, құран бағыштадым. Ескерткішін көрдім. Барша атсалысқан жандарға айтар алғысым шексіз. Кейінгі ұрпақ соғыс атаулыны көрмей, бейбітшілікте өмір сүрсе екен деп тілеймін», - деді жауынгердің қызы Шайжамал Сартайқызы.
Туыстары Сартай Бейімбетовтың қабірінен бір уыс топырағын алып, Семейден 30 шақырым жерде орналасқан туған жеріне апарып жерледі.