17.11.2015, 11:00

Кәсіпкерлерлікті қолдау маңызды

palata.otgroup.kz

Жыл басынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп кәсіпкерлердің қатысуымен ұзақ мерзімді шарттарды жасауға арналған басқосулар өткізілуде. Біздің палатаның атқаратын ауқымды рөлі де сонда, біз ұзақ мерзімді шарт жасауға болатын тауарлар мен қызметтерді анықтаймыз.

Өз сөзін осылай бастады Пре­зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. Бұл ретте үш жылдан он жылға дейінгі мер­зімге шарт жасауға мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік көмектің елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін оңтайлы болып отырғандығы айтылды. Себебі, кәсіпкерлер ұзақ мерзімді келісімшарттың арқасында алдағы атқаратын істерін алдын ала және алаңсыз жоспарлай алады. Бұл орайда олар тұрақты тапсырыс алуға, өндірістік қызметі мен ұсынылатын тауарларын айқындауға, жұмыстарын жандандырып, техникалық керек-жарақтарын сайлап алуға қол жеткізеді. Ағымдағы жыл бо­йынша «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірлесе отырып 883 млрд. теңге сомасына осындай ұзақ мерзімді 2114 шарттар жасалған. Ал оның ішінде 307 млрд. теңгені құрайтын 606 тауарлар бойынша келісімшарт әзірленген.

Сонымен қатар, осы мәсе­леге қатысты шарт жасау бары­сындағы талаптар мен міндет­тердің айқындалып, арнайы кеңес­терде ұдайы шешімін тауып оты­ра­тындығы кеңінен айтылды. Айтар болсақ, осындай кеңес отырыстарына Астана қаласынан бастау алып, барлық аймақты қамтыған 240-тан астам тауар өндірушілер қатысқан. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар тұрақты жүргізілуде. Сон­дай-ақ, қордың және оның енші­лес компанияларының өкілдері бірқатар өңірлерге барып, жергі­лікті жерде кәсіпкерлермен 548 млрд. теңге сомасында меморан­дум­дарға қол қойған. Бүгінгі таңда аталған меморандумдар бойынша жұмыстың орындалуы 98% болғандығы байқалады.

Тағы да айта кетсек, «Ата­ме­кен» мен «Самұрық-Қазына» қоры­ның арасында қол қойылған мемо­рандумға сәйкес, ҰКП өкілдері қордың сатып алулар бойынша нормативтік актілерін әзірлеу және жетілдіру жұмыстарына, арыз-шағымдарды қарауға қатысады.

Бұл ретте басқарма төрағасы орынбасарының сөзін жалғаған «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков ұзақ мерзімді шарт жасауды енгізу қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетудегі пәрменді құралдардың бірі болып табылатындығына назар аударды. Қазіргі уақытта отандық жеткізушілердегі ұзақ мерзімді сатып алулардың жалпы көлемі 6,4 трлн. теңгені құраса, оның ішінде 1,4 трлн. теңгесі тауарлар бойынша жасалған. Ал отандық бизнеспен жасалған ұзақ мерзімді шарттардың саны 1436 болып отыр. Және қордың компаниялар тобындағы сатып алуларда отандық мазмұн үлесі 78 пайызды құрайды.