$ 494.87  520.65  4.91

Ұлтаралық татулық бар жерде береке бар

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» II Халықаралық медиа-форумының қорытындысына арналған брифинг өтті.

Мәжіліс депутаты Ахмед Му­ра­дов, Қазақстан халқы Ассамб­леясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи, Еу­ропалық интеграция ор­та­лығы­ның директоры Юрий Шев­цов (Беларусь Респуб­лика­сы), «Әл-Арабия» телеарна­сы­ның жүргізушісі, саясаттанушы Хадж Басель (Сирия Араб Рес­пуб­ликасы), «Вести сегодня» газе­тінің шолушысы Владимир Реше­тов (Латвия) және журналист-саясаттанушы, ТМД ел­дері сарапшылары лигасының мүшесі Тофиг Аббасов (Әзер­бай­жан) қатысқан бұл жиында ҚХА-ның «Бейбітшілік пен ке­лі­сім мәдениеті» II Халық­аралық медиа-форумының маңыз­дылығы, онда қозғалған мәсе­лелердің өзектілігі әңгіме арқауына айналды.

Бірінші кезекте сөз алған Мә­жіліс депутаты Ахмед Мура­дов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәй­кес, Қазақстан халқы Ассамблея­сының 20 жылдығы аясында ауқымды шаралар атқа­рыл­ғанына тоқталды. Оның айтуынша, Ассамблея құрылғалы бері халықпен, жергілікті атқа­ру­шы билікпен тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс­тар атқарған. Қазіргі таңда этнос­аралық татулықты жүзеге асыру бағытындағы қазақстандық мо­дельдің қалыптасуы осы қоғам­дық институттың жемісті қыз­метінің бір көрінісі.

Сондай-ақ, депутат Ассам­б­леяның шетелдік әріптес­тері­мен түсіністікпен жұмыс істеп отыр­ғанын, Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей сынды мемлекеттерге іссапарлар ұйымдастырылғанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, «Қазақ­стан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілетін көрінеді.

– «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілмек. Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, ҚХА сессиясының шешімін бүкіл билік органдары, Ассамблея мүшелері, ҚХА Кеңесінің мүшелері – облыс әкімдері, бірқатар мемлекеттік органдар басшылары орындауға міндетті. Сондай-ақ, заң талабына сай, ҚХА-ның өткен сессиясында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жыл сайын Ассамблея Төрағасына есеп беру туралы өзгеріс енгізілді. Заңды Сенат қабылдады, жақында қол қойылып, бекітілмек, – деді депутат.

Бұған қоса, ол Қазақстан халқы Ас­самблеясы бірлік пен келісім сақ­тау үшін медиация ісіне араласаты­­нын, бұл өз кезегінде ұйым қызме­тінің бір бөлігі болатынын мәлімдеді.

Басқосуда Юрий Шевцов, Хадж Басель, Владимир Решетов және Тофиг Аббасов форумның жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанын, мұн­дай жиындардың өте қажет екенін айта отырып, өздерінің ал­ған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қа­тар, олар этносаралық татулықты сақтаудағы қазақстандық модельдің артықшылықтарын, тиімділігін өз елдеріне жеткізетіндерін айтты. Осы орайда В.Решетов:

– Форумға қатыса отырып, көп əсер алдым. Медиа-форум жоғары дең­гейде өтті. Қазір Қазақстан хал­қы Ассамблеясының тəжірибесі əлем бойынша шиеленістер көбейіп тұрған шақта өте керек. Латвияда ҚХА сияқты құрылым жоқ. Біздің ел де көпұлтты. Елімізде этностық ұйымдар бар болғанымен, оларды біріктіретін құрылым жоқ. Қазақстанның 20 жылғы тəжірибесі өз алдына жеке институт. Сондықтан, Қазақстанда көрген-білгенімді біздің жаңа Президентке, латвиялықтарға жеткізуге тырысамын, – деді.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай өз кезегінде II Ха­лықаралық медиа-форумның негізгі мақсатын сөз етті.

– Кешегі өткен медиа-форум – журналистерге арналған үнқатысу алаңы болды. Бұл шараның өткі­зілуінде өзіндік мән бар. Қазіргі таңда болып жатқан шаралардың көбісі жалпы халыққа, әлемге журналистер арқылы тарайды. Журналистердің қолында үлкен құрал, үлкен қару бар. Ол қару – сөз. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе, ол медиа мәдениет. Сол мәселе кеше талданды. Медиа-форум барысында көптеген ұсыныс айтылды, – деді Н.Шанай.

Н.Шанайдың сөзіне қарағанда, ҚХА жанынан медиация орталығын ашу туралы арнайы шешім қабыл­данған.

– Қазір медиация мәселесі өте маңызды. Қазақтың бұрынғы тарихында түрме болмаған. Атам заманнан келе жатқан билер институтына келетін болсақ, оның мақсаты – жазалау емес, біріктіру, татуластыру. Бүгінде ұйым алдында тұрған негізгі мақсат – медиацияны дамыту. Бұл мәселені сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл мәселеде журналистердің рөлі ерекше. Себебі, журналистердің айтып, жазғандарына халық құлақ түреді, оқиды. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан медиа­ция орталығын ашу туралы шешім қабылданды, – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары