Қызылорда облысының полицейлері онға жуық ақбөкенді заңсыз атқан жергілікті екі тұрғынды ұстады деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
«Республика көлемінде өтіп жатқан «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Қызылорда ОІІД-нің табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және РМҚК ӨБ «Охотзоопром» кәсіпорынның қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шара жүргізу барысында Сырдария ауданы, Құмкөл кенішінен батысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде «Ақши» учаскесінде «Тойота ланд крузер-100» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде автокөліктің ішінен 5 дана ақбөкен жануарының денесі, 8 дана мүйізі, 1 ақбөкеннің басы, ішкі істер органдарында тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтығы, 100-ге жуық атылмаған патрон, ара және пышақ анықталып, айғақ заттар ретінде тәркіленді» делінген аталған хабарламада.
Ұсталған күдіктілер Қызылорда қаласы Қараөзек ауылының тұрғындары, бірі 1968, екіншісі 1972 жылы туған.
Қазіргі таңда, аталған оқиға бойынша Сырдария АІІб-мен ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.