Суға шомылудың қауіпсіздік ережелері туралы Sputniknews жазды.
Суға шомылудың негізгі ережелері
Суға шомылатын жерді, оның тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріңіз;
Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз;
Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз;
Суға абайлап кіріңіз. Денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз;
10-15 минутқа дейін ғана шомылыңыз;
Аяқ-қолыңыздың сіңірі тартылған жағдайда сасқалақтамаңыз, су бетінде қалып, адамдарды көмекке шақыруға тырысыңыз;
Мас күйде суға шомылуға болмайды;
Қоршау белгілерінен тыс аумаққа шықпаңыз;
Техникалық ескерту белгілерінің үстіне шықпаңыз.
Неге тыйым салынады?
Суға түскен кезде иесіз және техникалық ақауы бар қайықтарды пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ, қайық, кемелерге көп жолаушы мен ауыр жүк алуға болмайды. Балалармен бірге демалған кезде оларды қараусыз қалдырмау керек.
Бассейн, теңіз бен көлдерге мас күйде шомылмау қажет. Қайықта жүзіп келе жатқанда орын ауыстырып, бір қайықтан екіншісіне ауыспаған жөн. Қайықтан, катамараннан тікелей суға түсуге және моторлы кемелерге жақындауға болмайды.
Қайық, кемелерді түнгі уақытта пайдалануға тыйым салынады. Бұл – адам өмірі үшін қауіпті.
Суда аяқ-қолдың сіңірі тартылса, не істеу керек?
Суық суда шомылу аяқ-қол сіңірінің тартылуына әкеп соғуы мүмкін.
Егер ондай жағдайға тап болсаңыз, төмендегі іс-әрекеттерді жасаңыз:
егер сіңір тартылса, жүзуді тоқтатып суға шалқадан жатыңыз;
қолыңыздың сіңірі тартылса, жұдырығыңызды түйіп, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз;
балтыр бұлшық етінің сіңірі тартылғанда, қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып, бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз немесе аяғыңызды судың астына созып, бармақтарды алға иіңіз. Кейін балтырыңызды сылаңыз.
Алғашқы көмек көрсету жолдары
Зардап шегушіні судан шығарғаннан кейін оған тезірек оттегі беру шарт. Сондықтан зардап шегушінің дем алуын және тамыр соғысын анықтаңыз. Тамыры соқпаса, ауызбен дем беру қажет.
Бас бармақ және сұқ саусақпен адамның мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 рет дем жіберу керек.
Сонымен қатар оның жүрек соғысын ұдайы қадағалап отыру керек. Егер оның жүрек соғысы тоқтап қалса, массаж әдісін қолданған дұрыс. Ол үшін адамның жүрек тұсына екі қолды айқастырып қою керек. Одан соң, сол жерді минутына 70 рет жиілікпен басқан жөн (5 рет басып, 1 рет ауа үрлеу керек).
Зардап шегушінің жүрек соғысы мен тыныс алуы қалпына келген соң, оның ішіндегі суды сыртқа шығаруға тырысу қажет.