20.07.2019, 17:30

Граната жарылды: Маңғыстауда сарбаз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді

Оқиға 17 шілде күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы полигонда болған. № 99116 бөлімінің әскери қызметкері Сергей Кошелев оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, ауыр халде ауруханаға түсті.

Маңғыстау облысында әскери қызметкер оқу-жаттығу кезінде жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы inAktau.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 17 шілде күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы полигонда болған. № 99116 бөлімінің әскери қызметкері Сергей Кошелев оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, ауыр халде ауруханаға түсті.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы Маңғыстау облыстық ауруханаға ер адамның жеткізілгенін растады. 

«Дәрігерлер сарбазды аман алып қалу шараларын бастады. Осы сәтте науқас Маңғыстау облысы ауруханасының травматология бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дүйсенбі күніәскер Нұр-Сұлтан қаласына көшіріледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Сарбаздың туыстарының айтуынша, жігіттің көзі мен қолына қатты зақым келген. Қазіргі уақытта екінші көзін сақтап қалу әрекеті жасалып жатыр.

«Бас жарақаты өте көп болғандықтан, Маңғыстауда мұндай операция жасай алмайды. Сергейді шұғыл Нұр-Сұлтанға жеткізу қажет. Оның дүйсенбіге дейін күтетін уақыты жоқ. Әзірге екінші көзін аман алып қалу мүмкіндігі барда оны шұғылдатып санавиациямен жеткізу қажет», - деді жігіттің туыстары. 

Сергейдің туыстары денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жасап, тездетіп елордаға жеткізу керектігін айтпақ.