20.07.2019, 22:13

Саакашвили Зеленский партиясы үшін дауыс беруге шақырды

Оған байланысты арнайы видеомәлімдеме жазып, 19 шілдеде кешке Facebook-тағы парақшасына жариялап та қойған.

Грузияның бұрынғы президенті және Украинадағы Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили кезектен тыс парламент сайлауына қатысудан бас тартып, жақтастарын Украина президенті Владимир Зеленскийдің "Халық қызметшісі" партиясына дауыс беруге шақырды. Оған байланысты арнайы видеомәлімдеме жазып, 19 шілдеде кешке Facebook-тағы парақшасына жариялап та қойған.

Саакашвилидің түсіндіруінше, Украинаның орталық сайлау комиссиясы "Жаңа күштер рухы" партиясын тіркеу процесін созып жіберген. Сондықтан сайлаушылардың көбі оның сайлауға қатысатынын білмеген. Саясаткер қозғалыстың бес пайыздық межеден өтетініне күмән келтіріп, егер партия сайлауға қатысса, Зеленский партиясының жеңісіне кедергі келтіреді деп айтқан.

"Халық қызметшісі" электоратымен мүддеміз бір. Біздің бағдарламаларымыз өте ұқсас. Президенттік партияны сынамаймыз және оларға мүмкіндік берілуі тиіс деп есептейміз. Егер бес пайыздық межеден өте алмай қалсақ, "Халық қызметшісі" партиясынан өзіміз алатын дауыс көрсеткішін тартып алғандай боламыз" деді Саакашвили.

Оның пікірінше, парламентке өтуі мүмкін қалған партиялар "Халық қызметшісімен" салыстырғанда нашар жұмыс істейді, сондықтан сайлау Зеленский командасына "елдегі жағдайды толық мойнына алуына" мүмкіндік беруі керек.

Владимир Зеленский мамыр айында президент ретінде қызметіне кірісе сала Жоғарғы раданы тарататынын хабарлаған. Елде кезектен тыс парламент сайлауы 21 шілдеде болады.

18 шілдеде жарияланған "Рейтинг" тобының әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес, бес пайыздық межеден бес партия өте алады. Тағы екі партияның парламентке өтуіне мүмкіндігі бар. Сайлаушылардың елу пайызына жуығы "Халық қызметшісі" партиясына дауыс беруі мүмкін. Зерттеу нәтижесі "Жаңа күштер рухы" партиясының 0,6 пайыз дауыс жинай алатынын көрсеткен.

Дереккөз: Азаттық