20.07.2019, 23:29

«Абу-Даби Плазада» шетелдік және қазақстандық жұмысшылар қыз үшін сөзге келіп қалды

Фото: İmformburo.kz
Полиция қызметкерлері келіп тәртіп орнатты. Жұмысшылар үйді-үйіне тарасты.

Нұр-Сұлтандағы «Абу-Даби Плаза» объектісінің құрылысы жүріп жатқан жерде шетелдік және қазақстандық жұмысшылар арасында түсінбестік орнады, деп хабарлайды Stan.kz

Елорданың полиция департаменті 20 шілде күні сағат 15:06 кезінде Ақмешіт пен Сығанақ көшелерінің қиылысында салынып жатқан Sheraton Hotel Astana қонақүйінде шетелдік және қазақстандық азаматтар арасында ұрыс болғанын растады. 

«Бұған «Абу-Даби Плаза» құрылыс объектісінде жұмыс істейтін қыздардың бірінің шағымы себеп болған. Дәлірек өзіне шетелдік азаматтан келіп түскен SMS хабарламаға байланысты болған. Полиция қызметкерлері келіп тәртіп орнатты. Жұмысшылар үйді-үйіне тарасты. Ұрысқа қай азаматтардың қатысқаны белгілі болды. Тексеріс жұмыстары жүріп жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер. 

Сондай-ақ, олар әлеуметтік желіде тараған жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.