22.07.2019, 11:41

Көп ұлтты елміз деп заңды өзімізге емес, өзгенің пайдасына жазып қойғанбыз - Айгүл Орынбек

Фото: abai.kz
Оның айтуынша, «Әбу Даби Плаза» нысанынындағы түсінбестікке заңның әлсіздігі кінәлі.

Заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек елордада болған шуға байланысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Оның айтуынша, «Әбу Даби Плаза» нысанынындағы түсінбестікке заңның әлсіздігі кінәлі.

«Әбу-Дабидегі мәселе қыз үшін емес, біздің заңның осалдығынан болып отыр. Біздің заң өз ұлтымызға қатаң, өзге ұлттарға мақтадай жұмсақ! Көп ұлтты елміз деп заңды өзімізге емес, өзгенің пайдасына жазып қойғанбыз! Оны өзге ұлттар жақсы біліп алған. Өз заңымызбен өзімізді жазалап отырады. Ал біздің заң оларды тіпті тексеруге тыйым салып тастаған», - деп жазды Айгүл Орынбек Facebook-парақшасында.

«Әбу-Дабидегі түрік өз қызымызды «жұмыстан шығарып жібергізем» деп қорқытуы басыну емей немене? Біздің билік халықты алдарына құл қылып салып бергенін көрген өзге ұлттар не істемейді? Керек десең сол құрылыс компаниясын прокуратура тексере алмайды. Себебі прокуратурадан ондай құзыретті алып тастаған. Төбедегі шенділердің, депутаттардың бәрінің құрылыс компаниялары бар. «Құқығым шектеліп жатыр» деп прокуратураға арыз жазсаң, «сот арқылы шешесің» деген бір ғана жауап аласың. Сотқа барсаң «медиация» дейді. Сосын құқығың қорғалмай, өзге ұлттардың алдында ұлтарақ болып жүресің», - деді ол. 

«Президент ең бірінші өз ұлтымызды қорғайтын заң қабылдау керек! Прокуратураға шет ел компанияларын тексеріп, жергілікті халықтың құқығын қорғайтын құзыретті қайтару керек! Прокуратура бақылаушы, заңның орындалуын қадағалаушы орган ретінде ең бірінші ҚР азаматтарының құқығын қорғау керек! Бір-біріне қайшы келіп тұратын заң тек бізде ғана бар шығар! Заңсыздықты тудырып отырған жемқор басшылар кінәлі! Кімге қандай заң тиімді, өзгертіп алып, өз пайдаларына шығарып отыра береді!», - деп жазды блогер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтандағы «Әбу-Даби Плаза» объектісінің құрылысы жүріп жатқан жерде шетелдік және қазақстандық жұмысшылар арасында түсінбестік орнағанын жазған болатынбыз.