«Жасым 18 де. Тұрмысқа шыққаныма 2 ай болды. Махаббатпен емес, есеппен болды. Күйеуіме мүлдем көңілім жоқ, мүлде жақсы көрмеймін.
Сөйлесіп жүргенде мінезі алтын еді. Қалағанымды әперіп жаным, күнім деп. Жүріп жүрген кезде мені еркелетіп, айтқанымды жасайтынына көзім байланып қалған болу керек. Өзімді сыйлап тұрса, жағдайымды жасаса, оны сүйіп кетемін деп ойладым.
Үйленген соң күрт өзгерді. Үйіндегілері де күйеуімнен қатты қорқады. Маған дейін бір рет үйленіп, ажыраскан. Мен оған абыроймен тұрмысқа шықсам да, мені басынады. Әйелі емес, күңі секілдімін. Қазір қатты өкініп отырмын. Неге сонша асықтым. Неге жеңілтектік жасадым деп күнде жылап аламын.
Оған еркелесем, ауыр сөздер айтып тастайды. Анашыма да бұл туралы айта алмаймын. Аузыма құм құйылып жүрмін. Өйткені ол кісінің айтқанын тыңдамай, тұрмысқа шыққан өзім.
Жаңа да болмашы нәрсеге ұрысып тастады. Жылап отырмын бөлмемде. Бостандыққа əбден үйренген екенмін. Үйде қалаған уақытымда тұрып, қалаған уақытта ұйықтап, білгенімді істеп жүретінмін. Ал қазір бәрі басқаша. Таңғы 7-де тұрам, содан үйдің тірлігі басталады. Сөйтіп түнгі 11-12 де құлаймын. Бармақтарымды тістеп отырмын, нем бар еді ерте шығып күйеуге?
Жастық шағымды қор қылдым. Егер күйеуімді сүйіп тұрсам бәрне көнер ме едім. Оны жақсы көрместен алдағы өмірімнің қандай болатынын ойламай тұрмысқа шығыппын.
Қыздар, менің қателігімді қайталамаңыздаршы. Ең болмаса 20 жастан асқанша ата-анамызға еркелеп, өз үйіңде жүргенге, өз еркің өзіңде болғанға не жетсін? Ал тұрмысқа шығуға қашан да үлгеруге болады ғой».
Дереккөз: Alashainasy.kz