Ресми ақпарат бойынша Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс кезінде бір адам өліп, бірнешеуі жараланған.
Шекараның тәжікстандық бетіндегі Ворух ауылының Точикон махалласының жетекшісі Гафурджон Джураевтың Азаттыққа айтуынша, 22 шілде күнгі қақтығыс кезінде бір тұрғын қаза тауып, жетеуі жаралы болған. Ол ауылдағы қырғыз тұрғындардың мылтық қолданып, тәжіктердің тас атқанын айтты.
Ферғана аңғарының тәжікстандық бөлігіндегі Ворух ауылы Исфара-Ворух жолының бойына Тәжікстан туларын тіге бастағанда қырғыз тұрғындар қатты наразы болған. Қазір жолды қырғыздар жауып тастады. Қақтығыс орнына жеткен арнайы әскер оларды тыныштандырды.
Шекараның екі бетіндегі ауыл тұрғындары осы аймаққа келе жатқан екі ел басшыларының ресми сапары алдында туларын іле бастаған. Әлі расталмаған бір дерек бойынша осындай қақтығыс Ходжа Ало ауылында да шыққан.
Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір ел әлі шекара мәселесін шеше алмай келеді.
Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы территорияның даулы тұстары көп.