«Шынымды айтсам, ойларыңызды, пікірлеріңізді білгім келеді. Бұл нәрсені ойлаған сайын көзіме еріксіз жас үйіріледі. Бір ағам, əпкем, інім бар. Барлығы отбасылы. Ұл қыздары өсіп жатыр. Ата анам да жас. Өз орталарында беделді кісілер. Бəрімізді оқытты. Мен үміттерін ақтай алмадым. Сол үшін олардан қатты ұяламын.
24 жасымда бір жігітпен танысып тұрмысқа шықтым. Ұзатылдым. Бет ашар, той бəрі болды. Бірақ жігіт маған 10 күн тиіспеді. Ол укол алды. Мен одан тіпті не укол алып жүргенін де сұрамадым, ұялдым. Бірақ он күн өткен соң аяқ асты маған жабысып, зорлап пəктігімді алды.
Осыдан кейін жақындамады. 5-6 ай өткесін жеңешем «неге көтермей жүрсің, емдел, тексеріл» деп қалды. Мен де ана болғым келді. Ақыры жолдасыма айттым. Ол маған: «жататын еркекті тауып ал, менікі тұрмайды. Сол кезде амалсыз пəктігіңді алу үшін ғана емделіп дəрі іштім. Соның өзіне сенің басыңа сыймаған ақша кетті», - деді.
Сəл тұрып өзі еңіреп жылады. Мен де жыладым. Жүр, дәрігерге көрсетейік десем ол "болмайды бəрібір" деді. Қаралып тексеріліп, емделмейтін ауру екені зерттелген екен.
Өзім университте мұғаліммін. Жұмысым жақсы, бірақ ауырлау еді. Уақыттың қалай өткенін білмеймін. Түндерім жылаумен өтеді. Ана болғым келеді. Одан басқа да маған өте ауыр тиетін ол отбасыда ауыр жағдайлар болды. Мен кетпеуіме болмады. Аяғы анаммен сөйлесіп мен кетуге бел будым. Анамның жылағанына əлі жүрегім ауырады.
Енем «сені дуалап болса да бақытсыз етемін, өш аламын» деді. Жолдасым да бəлені маған жапты. Не керек, мен ата-анама келдім. Үйде келін, інім , олардың балалары бар. Ата анам да қасымда, бəрібір Мен жалғызбын. Үйге кісі келсе тығылып отырамын. Қатты ұяламын. Кешке жұмыстан барамын, тамақ жеп бөлмемнен шықпаймын. Осы күндері жүрегім қатты-қатты соғады. Түсіме енем көп кіретін болды. Əлеуметтік желілердің бəрінен шығып кеттім. Айналамда дос қалмады. Қатты жалғызсырап жүрмін. Бар əңгімем ішімде. Осылай жалғыз қалып кетуден қорқамын. Неге тұрмысқа шықтым екен оған деп те өз өзімді жеп біттім. Жасым міне 27 ге келді. Əкемнің достарының ұлдары ажырасыпты сонымен кездесіп көр деп жатыр. Шынымды айтсам қатты қорқамын. Сол қателік тағы да болатын секілді. Тағы да бір сыныптасым қайдан есіткен, ол да номерімді тауып үйленуді ұсынды. Ол сыныптасым да ажырасыпты. Ешкім еріккеннен ажыраспайды гой. Оны да ойланамын. Енді мына жаста маған біреудің ғашық болып қалуы екіталай. Əріптестеріме, ешкімге ажырасқан екенімді айтқан емеспін. Бұл мен үшін ұят. Қатты қысылып жүрмін. Жалғыз қалғандаймын. Тек анам ғана қасымда сөйлесерім... Жаңа орта, жаңа достар тапқым келеді. Өзім Шымкенттің тұрғынымын. Рақмет».
Дереккөз: Alashainasy.kz