Қызылорда қаласында қонақ үй өртеніп кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қонақ үй облыс орталығындағы А. Сүлейменов көшесі №1 мекенжайында орын тепкен. 23 шілдеде түнгі 22.33-те дағдарыс жағдайларын басқару басқармасына «Луна» қонақ үйінің ғимараты жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу келіп жетті. Мамандар ғимарат шатырынан қою түтін шығып жатқанын аңғарды. Онда демалып жатқан меймандар мен қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт 00.34-те толық жойылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.