Алматы облысында жазасын өтеп жатқан трансгендер қорлық көрдім деп шағымданды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Виктория Берікқожаеваның адвокаты ЛА - 155/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушыны Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері ұятты әрекетке мәжбүрлегенін айтады. Оған дәлел болатын былғанған жейдесі бар. Осыған қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды.
Виктория Берікқожаева 2017 жылы «Жауғашты» түрмесіне бопсалау бойынша айыпталып, 7 жылға жабылған. Бүгінге дейін өзіне жынысын ауыстырғанына байланысты темір торда намысына тигендер көп болғанын айтады. Оған алаңдаған адвокаты Виктория мен куәгерді басқа абақтыға ауыстыруын сұрайды.
«Осы мекемеге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды қызметкері келіп, 19, 20, 24 шілде күндері жаңағыдай сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Сөйтіп Викторияны қорлаған. Ол Викторияға сен осы жердегі адамдарға қатысты заңсыз әрекеттер жасайсың деген. Виктория Берікқожаеваға «осы жерде істейтін адамдардың орны керек, сен соларды әдейі ұстап бересің» дейді. Келіспегені үшін қысым көрсетіп, солай жасаған», - дейді Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова.
Қылмыстық іс 121 баптың 2 бөлімі, 4 тармақпен тіркеліп отыр. Сондай-ақ, медициналық сараптама орталығына дәлелдер де дер кезінде жеткізілген. Дегенмен қорғаушы бұл істің арты сұйылып кете ме деп күдіктенеді.
Әзірге трансгендерді нақты кімнің зорламақ болғаны белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ бұл Викторияның жазасын жеңілдетуге көмектеспек емес. Яғни ол қандай жағдайда да тиісті 7 жыл мерзімін өтеп шығуға міндетті.