26.07.2019, 10:20

Эльмира Суханбердиеваның кіші ұлы қайтыс болды

«Өмірдегі ең жаманы - жақындарыңды жоғалту, ал ол өз балаларың болса, оны қабылдау тіптен мүмкін емес... Иманды болсын, кішкентай періште...» - деп жазды Майраш Тайкен.

Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның кенже ұлы қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ақпараттық агенттігі. 

«Достар, жазудың өзі қиын, бірақ Эльмира Амангелдіқызы Суханбердиеваның сүйікті әрі кенже ұлы Ілияс қайтыс болды... Бір өзі қаншама сыннан өтіп жатыр. Өмірдегі ең жаманы - жақындарыңды жоғалту, ал ол өз балаларың болса, оны қабылдау тіптен мүмкін емес... Иманды болсын, кішкентай періште... Мұндай жағдай болмас үшін, барлығымыз бір-бірімізге қарап, адамды қудалап, түрлі айла-амалдарды жасаудың қажеті жоқ», - деп жазды білім және ғылым вице-министрінің бұрынғы кеңесшісі Майраш Тайкен Facebook желісіндегі парақшасында. 

«Чаттан көрдім. Онда барлығы көңіл айтып жатыр. Бұл жағдайдың мән-жайын білмеймін, Эльмира Амангелдіқызының көмекшісіне, әпкесіне хабарласып жатырмын, бірақ телефонды ешкім алмай жатыр. Маған бұрынғы вице-министр хабарласып, осы хабарды чаттан сағат түнгі 11-де көргенін айтты. Ол кезде телефоным сөндірулі болатын, жаңа ғана көрдім. (...) Ең сүйікті ұлы еді», - деді Майраш Тайкенова Tengrinews.kz ақпараттық агенттігіне. 

Оның айтуынша, Суханбердиеваның ұлы ешқандай аурумен ауырмаған. 

Айта кетейік, бұрын сотқа дейінгі тексеру барысында Эльмира Суханбердиеваға пара алды деген айып тағылған болатын.