27.07.2019, 02:19

Елордада белсенділер биліктен Жәкішевті қамаудан босатуды талап етті

Акцияға қатысқандар "Жәкішев түрмеде заңсыз отыр" деп санайды.

26 шілдеде Нұр-Сұлтанда бірнеше тұрғын "сыбайлас жемқорлық" айыбымен 10 жылдан бері түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті қолдап, акция өткізді.

Шараға келген қала тұрғыны Камилла Шоқанова Қазақстан билігінен Жәкішевті бостандыққа шығаруды, Нұр-Сұлтан қаласын қайта "Астана" деп атауды, елде сөз бостандығын қамтамасыз етуді, журналистерге тоқтатуды талап етті, деп жазады Азаттық.

- Сөз бостандығы дегеніміз не? Ол - менің құқым! Мен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етемін. Бұл бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс. Еркін БАҚ, объективті БАҚ керек. Журналистерді қудалауды тоқтатуды талап етемін. Түрмедегі қысымды тоқтатуды талап етемін. Билікте оппозиция өкілдері болуын талап етемін, - деді Кәмила Шоқанова.

Бұдан бөлек, он шақты адам Нұрсұлтан Назарбаевтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтан Жәкішевті түрмеден босатуды сұрады. Акцияға қатысқандар "Жәкішев түрмеде заңсыз отыр" деп санайды. Солардың бірі Медет Арыстанов та Жәкішевті бостандыққа шығаруды талап етіп, билікті жастармен өздері айтқан диалогке келуге шақырды.

Шараға келгендер арасында биліктен "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Аран Атабекті, жер сатуға қарсы митингіден кейін түрмеге қамалған Макс Боқаевты да босатуды талап еткендер де болды.

25 шілдеде Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов та Мұхтар Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізген еді. 26 шілдеде белсенді Әсия Төлесова да Жәкішевті қолдау акциясына шықты. Екеуі де Қазақстан билігінен Жәкішевті қамаудан босатуды сұрады.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.

Тегтер: Нұрсұлтан