Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының жалпы сомасы 9,99 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша БЖЗҚ қызметінің негізгі көрсеткіштері сенімді оң динамиканы көрсетті: 1 шілдеге қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,99 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 7% немесе 615 млрд теңгеге ұлғайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта жинақталған зейнетақы қаражатының өзгеруі 464,8 млрд теңге мөлшерінде зейнетақы жарналарының, 107,6 млрд теңге мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ 257,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық кірістің түсулерімен байланысты», - делінген қордың ресми ақпаратында.
Мәліметке сәйкес, бүгінде БЖЗҚ-да қазақстандықтардың 10,3 млн шоты ашылған. «2019 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ-да 155 821 салымшы үшін жеке зейнетақы шоттары ашылды.
Алғаш рет БЖЗҚ-да шот ашқандардың 22% 20 жасқа дейінгі азаматтарды құрады, 36,2% - 21-30 жасты, 18,3%- 31-40 жасты, 13,6%- 41-50 жасқа дейінгі, 9,9% - 51 жастан жоғары топтарды құрады», - деді қордан.
Бұл ретте, қор аталмыш кезеңде жалпы сомасы 107,6 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемдерін жасаған. Оның 41 млрд теңгесі - жасына байланысты, 21 млрд теңгесі ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төленсе, 30 млрд теңге сақтандыру ұйымдарына аударылған. Таза инвестициялық кіріс 257,5 млрд теңгені құраған.
«Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция 5,4% болғанда 9,4% құрады. Осылайша зейнетақы активтері соңғы 12 айда 4% мөлшерінде нақты оң кірістілікке ие», - делінген баспасөз ақпаратында.