Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті қоғамының бұрынғы төрағасы Ысмайыл Кесижи ағылшын елінде қазақтардың қалай тұрып жатқанын, шетелде қазақша білетін жастардың азайғанын, Еуропа қазақтарының тарихи отанына оралу жоспарын Sputnik Қазақстантілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
Тұманды Альбиондағы қазақтар
57 жастағы Ысмайыл Кесижи 1962 жылы Түркияда дүниеге келген. Нидэ қаласындағы Алтай деген қазақ ауылында 6 жасына дейін тұрған. Ал 1969 жылы Ыстамбұл қаласына көшеді. 1986 жылы 24 жасында Лондон қаласына қоныс аударып, кейін Ұлыбритания азаматтығын алыпты.
"Бұл қалада тұрғаныма 33 жыл болды. Отыз жасымда үйлендім, әйелім - қазақ. Он сегіз жастағы ұлым Лондондағы колледжде оқиды. 24 жастағы қызым шымкенттік жігітке тұрмысқа шықты. Ол Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. Балаларым қазақша сөйлейді. Түркия қазақтары алғаш рет Ұлыбританияға 1970 жылы қоныстанды. Он жылдан соң қазақтардың саны артып, 100 отбасы болды. Кейін жартысы Түркияға көшіп кетті. Сөйтіп, мұнда 50-60 қазақ отбасы қалды", - дейді ол.
Айтуынша, Ұлыбританияда Қытайдан, Моңғолиядан, Қазақстаннан көшіп келген қазақ отбасылары бар, бүгінде бұл мемлекетте шамамен 1000 қазақстандық студент білім алып жатыр.
"Шетелдегі қазақтар ешкімге тәуелді емес"
Ысмайыл Кесижидің айтуынша, Ұлыбританиядағы қазақтар әртүрлі салада еңбек етеді, ешкімге тәуелді емес. Англияға алғаш барған қазақтар жеңіл өнеркәсіпте тер төгіпті. Ал осында туып-өскен қандастарымыз бүгінде мемлекеттік қызметте, банк саласында еңбек етіп жүр.
"Біріншіден, мұнда өмір сүру сапасы Қазақстаннан жоғары. Екіншіден, әрбір қазақ ешкімге тәуелді емес. Олар жұмысын істеп, өмір сүріп жатыр. Ұлыбританияға алғаш барған түркиялық қазақтар еңбек мигранттары еді. Олар тоқыма өнеркәсібі, тері өңдеу саласында жұмыс істеді. Сол қазақтардың бір бөлігі бүгінде зейнет жасында. Ал кейбірі - такси жүргізушісі, тағы бірінің дүкені бар. Әркім әртүрлі қызмет атқарады", - дейді Ұлыбритания қазағы.
Әңгіме барысында ол бастапқыда тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істеп, кейін кішігірім фабрика, жеке мейрамхана ашқанын айтып берді. Қазір Ысмайыл Кесижи сән саласында жұмыс істейді, түрлі эскиздер салады.
Ұлыбританияда табыс көлемі қанша?
Лондонда тұратын қандасымыз Ұлыбританияда жалақы жоғары екенін атап өтіп, айлықтың жылмен есептелетінін түсіндірді.
"Жалақы 40-80 мың фунт стерлинг аралығында (19 миллион 120 мың теңге – 38 миллион 240 мың теңге). Қара жұмысшылар 40 мың фунт стерлингтен төмен жалақы алады", - дейді ол.