Жолаушыларды тасымалдау туралы ережеде «стоп-кранды тек қажеттілік болғанда кезде ғана тартуға болады» деп жазылған. Бірақ нақты қандай қажеттілік екені көрсетілмеген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бүгінде пойызда стоп-кранды негізсіз тартқаны үшін айыппұл қарастырылған. Жолсеріктер бұл құрылғыны қай кезде қолдануға болатынын түсіндірді. Инфрақұрылымдық даму және индустрия минстрінің №545 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес, «қажеттілік болмаса, стоп-кранның көмегімен пойызды тоқтатуға тыйым салынған». Ал астаналық Сәрсенбай Қалқамановтың жағдайында стоп-кранды тартуға қажеттілік болды. Соған қарамастан, оған айыппұл салған.
«Келіншегім екеуіміз Алматыдан келе жатқанбыз. Қарағандыға кіргенде біршама уақыт аялдадық. Сол екі арада келіншегім қысылып, вокзалдың дәретханасына барған. Пойыз тоқтаған кезде ішіндегінің бәрін жауып тастайды ғой. Сөйтіп, ол вокзалдан шыққанда пойыз қозғалып кетті. Терезеден қарасам, жүгіріп келе жатыр. Мен тамбурға жүгіріп бардым да, стоп-кранды бастым», - деді Қалқаманов берген сұхбатында.
Оның айтуынша, стоп-кранды басқаннан кейін пойыз тоқтады. Ал жолсеріктер оның келіншегін мінгізіп алды. Бірақ артынан пойыздың жолсеріктері, бастықтары бар, бірнеше адам жиналып, оның атына айыппұлдың хаттамасын толтырды. Соны төлеуге тура келген.
«Бәледен аулақ деп, айыппұлды төлей салдым. Артынан ережені оқысам, «қажеттілік болған жағдайда ғана пойызды тоқтатуға болады» деп жазылған. Сонда менікі қажеттілік емес пе? Әйелім станцияда қалып қойды. Құжаттары да, ақшасы да жоқ. Қажеттіліктің көкесі осы емес пе?», - дейді Қалқаманов.
23 жыл еңбек өтілі бар жолсерік Марат Серікбаевтың айтуынша, жолаушыларға пойыздағы стоп-кранды бірнеше жағдайда ғана тартуға болатынын айтты.
«Стоп-кранды үш жағдайда тартуға болады. Біріншіден, өрт шықса, екіншіден, адам өміріне қауіп төніп тұрса, үшіншіден, қозғалыс қауіпсіздігі бұзылған жайдайда. Мысалы, пойыз қозғалып кеткенде біреу секіріп, сырттан есіктің тұтқасынан ұстап алып, вагонның басқышына тұрып жүрсе, стоп-кранды басуға тура келеді. Сосын қозғалыс қауіпсіздігі бар. Теміржол өткелінде көлік тұрып қалса, жол-көлік апаты болмай ма? Сондықтан пойызды тоқтату қажет», - деп атап көрсетті Серікбаев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған жағдайлар ережеде көрсетілмесе де, жолсеріктердің нұсқаулығында жазылған. Бұны инструктор Нұрмахан Жақыпбеков та растап отыр.
«Сосын техникалық ақаулықтар болса, стоп-кранды тартуға болады. Мысалы, арнайы құрылғылар қызып кетеді және тағысын тағы. Басқа жағдайда болмайды. Стоп-кранды негізсіз басқаны үшін айыппұл салынады. Оны құқық қорғаушылар жасайды. Бұрын пойыздың 1 минут тұрып қалғаны үшін 30 000 теңгенің айыппұлын салатын. Қазір қанша екенін білмеймін», - деді Жақыпбеков.