Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көру кез келген турист үшін қызық. Ол жерде туристер үшін қандай жағдай жасалған, қандай қызмет түрі бар деген сынды түрлі сауалдар демалушыларды мазалайтыны орынды, деп жазады ҚазАқпарат.
Көлсайға қалай жетуге болады? Көлсай Алматы қаласынан 280 шақырым жерде орналасқан.
Автобуспен барсаңыз шамамен 4-4,5 сағаттай жол жүресіз. Жолы жақсы. Қазір Алматы қаласының түрлі туристік фирмалары бұл бағытқа демалушыларды тасымалдап, арнайы демалысты ұйымдастырумен қарқынды айналысуда. Әсіресе жұма-сенбі, яғни демалыс күндері келушілердің саны күрт өседі екен.
«Алматы қаласынан автобустар әдетте кешкі сағат 21:00 де шығады. Ал жексенбі күні 15:00 де туристерді алып қайтады. Демек, турист екі күндік демалыс үшін 15 мың теңге төлеуі қажет. Ол жерге барып-қайтар жолы, төрт мезгіл тамағы, суретке түсіру, гидтің қызметі, паркке кірер кезде төленетін экологиялық төлемнің бәрі кіреді», - деді «Qazaq travel» туристік фирмасының өкілі Жандос Нұриев.
Туристер қай жерге тоқтайды? Көлсай көліне келген демалушыларды ұйымдастырушылардың көбі Саты ауылына жеткізеді.
Саты ауылы Көлсайдан 15 шақырым жерде орналасқан. Турфирманың өкілдері ары қарай Көлсайға өздері жеткізеді. Ал егер сіз өз көлігіңізбен барсаңыз Саты ауылында түнеуге болады.
Бұл жерде кез-келген үйдің иесі туристі үйіне қабылдауға дайын. Төрт мезгіл тамағы қарастырылған демалыс үшін 5 мың теңге төлейсіз. Қызмет түрі сапасына қарай бағасы өсе береді.