$ 443.35  475.54  4.82

Әйелі көңілдесі барын біліп қойған: қиналған ер адам мұңын шақты

Жеке өміріміз әу баста тәп-тәуір ақ басталған. Жетпейді деп жыланатындай емес, айлығым қомақты. Алған күні ұры қалтаға біразын басып, қалғанын Баянның қолына тапсырамын. Ол жөн-жөнімен жұмсап бәріне жеткізіп отырады.

«Бала кезімде детектив жанрына өте қызығушы едім. Осы сарында жазылған кітаптарды іздеп жүріп оқитынмын. Ол кезде бүгінгідей боевик кинолар жоқтың қасы. Сан түрлі дискілер де жоқ. «Із кесуші» деген кино болушы еді. Соны қайталап жүз мәрте көрген шығармын. Ізге түсіп, әлгі адамның бүкіл өмірбаянын қолмен қойғандай біліп отыру, тың тыңдау, қысқасы детектив маманға қажетті бар қасиетті үйренуге тырысатынмын.

Кейін есейгенде детектив боламын деп армандайтынмын. Бірақ бұл арманым орындалмады. Есесіне әйелім детектив болып шықты. Мамандығы емес әрине, кәсібі. Соған қарап, кейде мұндай әйелді тіпті қалай қорықпай алғанмын деп ойланатын болдым. Әзілім емес шыным...

Баян екеуміз жоғары оқу орнын бітірген соң сүйіп қосылдық. Ұяң, инабатты, момын мінезі ұнайтын. Не айтсам да заматында орындалатын. Үй жинаулы, кір жуулы, жұмысқа киетін киімдерім ақшаңқан, әрдайым мұнтаздай. Оның тазалығын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Әрі риза да едім. Есесіне анамның мінезі адуындау, жақпаған жайды заматында айтып салып отыратын қасиетінен бәріміз ығатынбыз. Әкем момын, анама жалтақтап отыратын әрдайым. Анамның осы мінезі Баянға да кесірін тигізді. Үнемі оның істеген ісін жақтырмай тыжырынып, жуып кеткен жерін тексеріп аңдып жүруші еді. Тазалыққа құнттай болса да Баян анама жақпай-ақ қойды. Тұңғышым қыз бала дүниеге келгенде де анам «Тырысқақ қатын қыз туады» деп тыжырынды. Оның айтқан сөздері Баянның сүйегінен өтсе де шыдап бақты. Кейде оны аяп, ара түссем анам мені «қатынжанды» деп сөгетін. «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» дегенді елемейтін анам ақыры Баянның да тілін шығарды. Жүйкесі жұқарған ол қажай беретін енесіне қарап бажылдайтынды шығарды. Баяғы момындығы жайына қалды. Бір жағынан оның біраз жылда сөзуар болып шығуына анам да көп «үлес» қосқаны анық. Ал дәл енесінің топырағынан жаралғандай бір қасиетін қағып алғаны ол анам сияқты аңдуы еді. Анам бұрын Баянның тазалығына шәк келтірмек болып талай мәрте аңдушы еді. Ал енді Баян мені аңдитын болды. Осыған қарап «келін ененің топырағынан» деген сөздің ақиқатына қайран қаламын.

Інім үйленіп біз бөлек шықтық. Анам Баянды жақтырмаушы еді, мына келіні тіптен кері шықты. Сөзшең, еріншек, ал салақтығы бір төбе. Енді анам қолының қырымен шаң сүртіп тексеретін жер де таппай қалды. Үйдің іші қашан барсаң бығып жатқаны. Оны қойшы... Жеке өміріміз әу баста тәп-тәуір ақ басталған. Жетпейді деп жыланатындай емес, айлығым қомақты. Алған күні ұры қалтаға біразын басып, қалғанын Баянның қолына тапсырамын. Ол жөн-жөнімен жұмсап бәріне жеткізіп отырады. Аузынан жоқ деген сөз шықпайды, соған ризамын. Еркек болғаннан кейін кейде балық аулауға, кейде саунаға барғың келеді. Кейде достарыммен, кейде әріптестеріммен барамыз. Сондайда енді еркек болған соң қасымдағылар бірді екілі қыздар алып келеді. Оған мән бермейтінмін. Қасымдағылар «дүниенің қызығын көрсейші» деп қолқалайтын. «Дүниенің қызығы сол ғана ма екен» деп оларды келекелеуші едім. Маған біртүрлі қарайтын болған соң амал жоқ солардың қатарына қосылдым. Көңіл бір бұзылмасын деңіз, досым айтпақшы «күнде манты...» жалығады екенсің. Көзім «ашылғандай», көңіл көкжиегім «кеңігендей» болды. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта бір отырыста Айнұр есімді қызбен таныстым. Еліктің лағындай ғана әп әдемі екен. Екеуміздің әңгімеміз жараса кетті. Одан басқа мәселеде де бір-біріміздің ойымыздан шығып жүрдік. Өзімнің бірте бірте оған бауыр басып бара жатқанымды байқамаппын да. Әйелім жайлы, бала-шағам өсіп келеді. Басқа ойым жоқ. Тек анда-санда Айнұрға барып тұрсам болғаны дейтінмін. Уақыт өткен сайын Айнұрдың талабы көбейе бастады. Фитнес залға баруы керек екен, құрбыларымен шаңғы тепкісі келеді. Басында ақшамды аяған жоқпын. Жұмыстан тысқары түсіп тұратын қосымша ақыммен білдірмей беріп тұрдым. Оны әйелім әрине білмейді.... деп жүргем. Сөйтсем менің үйден тысқары әрекетімнің бәрін қолмен қойғандай етіп бір күні Баяным баяндап бергенде шалқамнан түсе жаздадым. Өлсем мойындармын ба? Бетіме бір бума қағазды әкеп шашып жіберді. Сөйтсем ол менің нөміріммен кіммен сөйлескенімнің бәрін алған ғой. Қайдан алған, түсінбеймін. Сонда да мойындамадым. Керісіміз ұлы айқайға ұласты. Момын деп жүрген Баяным шапылдап ұрысқанда анамнан асып түсті. Адам аңдитыны тіптен шаң қаптырды десем де болар. Телефон нөмірім өз атыма тіркелген.

Сонда менің барлық қоңырауларымды қайдан алып жүр? Миым жетпейді. Ертесіне белгілі компанияның табалдырығынан аттап әйелімнің нөмірін тексертпек болғам ғой. Онымнан түк шықпады. Ол үшін телефон менің атыма тіркелуі керек екен. Өз атыңа тіркелген электронды поштаң қажет екен. Тағысын тағы... Тап бір террорист кіріп кеткендей итпен қуып шықты.

Ал әйелімнің менің сөйлескен телефон нөмірлерімді қайдан тапқанын білмеймін. Онысын қойшы, тауып қоя салса жақсы ғой. Жұмыстан шыққан уақытта, демалыс күндері баняға барамын деп тайып тұратын Айнұрмен сөйлескен нөміріммен оның да нөмірін тауып алыпты. Содан Айнұрға звандайды ғой. «Мен ауруханадан хабарласып тұрмын. Ойбай, Талғат сіздің кіміңіз болады, сіздің ғана нөміріңіз сақталыпты, ол кісі аварияға түсіп қалды, ес-түссіз жатыр, пәлен деген бәлністе, пәлен деген бөлімде жатыр, тез жетіңіз» деген ғой. Сол кезде мен үйде түскі тамақтан кейін демалып жатқам, телефонымды өшіріп, тығып кетіпті. Құстай ұшып жеткен Айнұрды шашын жұлып, қолына берген ғой. Сөйтіп ауруханада тегін концерт қойып беріпті. «Отбасылы еркекті жолдан тайдырған мынадай болады» деп көкала қойдай сабап тастаған. Оны мен білмеймін. Бір күннен кейін хабарлассам ебіл-дебілі шығып еңіреген Айнұр «енді кездеспей-ақ қояйық» деді. Маған деген өкпесі қара қазандай. Зәресі зәр түбіне кетсе керек. Ал Баяным дым болмағандай үй жинаааааап жүр. Таң қалдым. Шетелдің сабын сериалдарындағыдай сценарий құрып қалай құрыққа түсірген десеңші. Ол сериалдарыңыз мұның қасында шаң қауып қалғандай. Есесіне күйеуі үйінде, бала-шағасы бағулы. Міне сізге детектив. Тіпті одан кейін мынауың не деп бір ауыз айтқан да жоқ маған. Бұдан кейін Айнұрға хабарласуға да қорқып қалдым. Не әйеліме «сенің сол тірлігің не» деп те айта алмадым. Жер ортасына келгенде туған туысқа аймандай етіп, бала шағаның алдында жерге қаратып үйден қуып шыға ма деп қауіптенемін. Қалай бәрін біліп, көңілдесті ұстап алып, быт шытын шығарып, тағы дым болмағандай үндемей жүруге болады?! Қазір үйде де бетіне тіктеп қарай алмаймын, не ашықтан ашықтан ашық кінәлай алмаймын. Осындай бір түсініксіз жағдай болып тұр. Әйел деген халықтан абайлау керек екен деп ойлап қоямын...»

Дереккөз: Алаш айнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары