Күйеуі өзін өлтірмек болды деп айыптаған алматылық әншінің жары Бауыржан Ашығалиев бұл оқиғаға қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кеше #НемолчиKZ қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова желіде жазба жариялап, күйеуінен таяқ жеді деп алматылық әнші Ксения Ашығалиеваның суретті мен видеосын таратқан. Видеода Ксения күйеуі - Бауыржан Ашығалиевтің өзін ұрлап, өлтірмек болғанын да баяндаған.
Өз кезегінде Бауыржан Ашығалиев бұл оқиғаны жоққа шығарып, Zakon.kz видео-редакторына сұқбат берді.
«Мен музыкамен, шығармашылықпен айналысамын. Мен 2019 жылдың 28 шілдесінде әйеліммен арада болған оқиғаны жоққа шығарғым келеді. Бұл – таза жала жабу, оған ешкім тиіспеді, ұрмады. Ол сол кеткеннен ажырасуға арыз жазған. Содан балаларымды менен тығып, оларды көрсетпей қойды. Балаларымды көру үшін бопсалап, маған түрлі талап қойды. Ол мен анамын, заң мен жақта, заңды жақсы біліп алдым, көрсетемін саған деп қоқан-лоқы жасады... Маған балаларыммен жүздесуге бір, бір жарым сағат қана уақыт беретін», - дейді ол.
Оның айтуынша, ол балаларымен әрең дегенде жүздесетін болған.
«Мен оны тұрып жатқан жерінен кездестіріп қалғанымда, ол айқайлап, қаша жөнелді. «Көмектесіңдер, мені ол өлтіреді, қылқындырып, зорлап жатыр" деп айқайлады. Сол кезде ол аумақта үш күзетші болды, олар оған ешкім тиіспегенін көрді. Мен балаларды көру үшін 102-ге өзім қоңырау шалдым, учаскелік полицей онымен сөйлесіп, сабасына түсіруге тырысты, бірақ ол балаларды сол күйі көрсетпеді. (...) Менің ойымша, бұл маған жала жабу үшін арандату мақсатында жасалған нәрсе. Өйткені екінші ретінде онысы қолынан келмей қалды», - дейді ол.
Ол әйелі мен өзінің ата-анасы бір-біріне жақын жерде тұратынын айтады. Сол күні Бауыржан досымен бірге ата-анасының үйіне бара жатқан. Сол кезде тағы да осылай жолдары түйісіп қалған. Тағы да келіншек айқай-шу шығарған. Тағы да 102-ге қоңырау шалынған.
«Учаскелік полицей келіп, бізді бөлімшеге алып кетті. Ол арада анандай дүние жоқ, тек сызылған, жырылған жерлері болды, бірақ ол құлап қалған еді. Бізге ешқандай қыз көмектескен жоқ. Ешқандай да жертөле деген әңгіме болған жоқ. Оны ешкім ұрып-соқпаған», - дейді ол.
Мұны Бауыржан Ашығалиевтің досы Қайсар Иманқұлов та растады.
Ресми түрде ерлі-зайыптылар әлі ажыраспаған. Олардың шаңырақ көтергеніне 7 жыл болған, екі кішкентай балалары бар. Ксения мен Бауыржан JackPot тобында бірге өнер көрсеткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық әнші Ксения Ашиғалиева күйеуінің әрекетінен шаршағанын айтып, ұрып-соғатынына шағымданғанын жазған болатынбыз.