06.11.2015, 11:16

Ордабасыда жаңа мектеп ашылды

Ордабасы ауданы Боралдай ауылындағы Несіпбай Оразбаев атындағы мектептің оқушылары жаңа ғимаратқа көшті.

 

Аудандық бюджетке салынған білім ордасы 100 орындық. Жаңа мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтсақ, компьютер кабинеті мен интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер де талапқа сай. Сонымен қатар, мектеп жанынан арнайы балабақша тобы үшін шағын орталық та құрылды. Мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Самат Сапарбаев қатысып, оқушыларға құттықтау лебізін жеткізді. Айта өтейік, Ордабасы ауданында ағымдағы жылдың қыркүйек айында 2 мектеп пайдалануға берілсе, 2 бастауыш мектепке жаңадан ғимарат сатып алынды. Бұған дейін заманауи құрылғымен толық жабдықталмаған ескі ғимаратта оқып келген оқушылар, барлық талапқа сай жетілдірілген жаңа ғимаратқа көшкендеріне риясыз қуанып жүр. «Мынадай ғимаратта оқыған баланың да, ұстаздардың да ерекше ынталы болатыны сөзсіз. Себебі, бұрынғыдай емес, барлығына қол жетімді. Алда мемлекеттік ұлттық бірыңғай тестілеу бар. Мектебімізде алдағы уақытта үздіктер қатары бұрынғыдан да көбейе түседі деп үміттенеміз», – дейді мектеп мұғалімдері. Қазіргі техника қарыштап дамып бара жатқан заманда ауыл мектебі көш соңында қалмай, жылдан жылға дамып келе жатқанына ауыл тұрғындары да дән ризашылықтарын білдіріп жатты.