31.07.2019, 10:14

Оқ тиіп жараланған ер адам ауруханаға түсті: Түркістанда 2 жүргізуші жолды бөлісе алмаған

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркелді.

Түркістан облысы полицейлері бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 24 шілде күні түнде Төлеби аудандық полиция бөліміне аудандық ауруханадан оқ тиіп жараланған ер адамның жеткізілгендігі туралы хабарлама келіп түседі. 

Полицейлердің анықтауынша, қала көшелерінің бірінде екі көлік қарама-қарсы келіп, бір-бірінің жол жүрісіне кедергі жасап, яғни 2 жүргізуші жолды бөлісе алмай, сөзге келіп қалған. Соның салдарынан жүргізушінің бірі жәбірленушіні травматикалық қарумен атып, оқиға орнынан бой тасалаған. 

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркелді. Қылмыстық істі ашу мақсатында Төлеби АПБ-нің полицейлері бұзақылық жасаған күдіктіні ұстау үшін қажетті деген барлық іс-шараларды жедел іске асырды. 

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде Леңгір қаласының тұрғынын ұстады. Полицейлер күдіктіден айғақ зат ретінде травматикалық тапанша тауып, тәркіледі. Күдікті қазір қамауда. Осы кезде қару қолдану арқылы «бұзақылық» жасау әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.