$ 494.87  520.65  4.91

Тұңғышбайды Тоқаев қолдады. Ал атышулы Арыстанбек енді не істемек?

Ал сонда қасарыса қарсыласқан екеудің бірі – Тұңғышбай Жаманқұлов бүгін президенттің өзінен атқарған қызметі үшін қолдау тауып, марқайып шыққанда, екіншісі – Арыстанбек Мұхамедиұлы қайтпек? Ол қандай күйде екен?..

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдағаны мәлім. Сол сәтте Қасым-Жомарт Тоқаев театр және кино өнерінің дамуына ерекше көңіл бөліп, Қазақстанның театр қайраткерлері одағының мәртебесін де арттырып, тіпті, Тұңғышбай Жаманқұлов басқаратын ұжымға әрдайым қолдау білдіретінін атап өтті, деп жазады Sn.kz ақпараттық порталы.

Осы кездесуді қазір әлеуметтік желілер арқылы әркім әр саққа жүгіртіп әлек. Өйтетін жөні де бар. Өйткені, атышулы Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрінің орынтағында отырған кезінде осы Жаманқұловтың «соңына шырақ алып түскен» еді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, оған мұқым жұртқа Мұхамедиұлын қатынқұмар етіп көрсеткен бір қыздың видеоүндеуі себеп болған. Тұңғышбай тұңғыш рет сол сөздің жаны бар екенін айтамын деп басы бәлеге қалған-ды. Айналып келгенде, өзі парақор һәм пәлеқор атанып шыға келді. Қамауды да, қудалауды да көрді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрап та көрді...

Бүгін белгілі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің фейсбук парақшасында: «Қазақтың Тұңғышбайы жаңғырған күн! Жүйенің құрбаны болған белгілі актер Тұңғышбай ағамызды президент қабылдапты. Арыстабек жайлы шындықты айтамын деп біраз қудаланып, барлық жерден шеттетіліп, тіпті, қамалып кете жаздаған еді. Бүгін, міне, саяси қуғынға ұшыраған Тұңғышбай ағамызды президенттің өзі қабылдапты! Тарихқа, өнерге деген құрмет! Уақыт өте әркім өз бағасын алады», – деп біраз тебіренді.

Ал сонда қасарыса қарсыласқан екеудің бірі – Тұңғышбай Жаманқұлов бүгін президенттің өзінен атқарған қызметі үшін қолдау тауып, марқайып шыққанда, екіншісі – Арыстанбек Мұхамедиұлы қайтпек? Ол қандай күйде екен? Көп ұзамай бұл сұрақтың да жауабы шығып қалар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары