$ 441.66  475.14  4.86

Алматы облысында бүтін бір ықшам аудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр

Тұрғындар амалсыздан қолдан құдық қазғанымен, одан шыққан су тек ыдыс жууға жарамды болып шыққан.

Алматы облысында бүтін бір ықшам аудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр. Қаскелең қаласының іргесінде тұрғанмен, тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар тығырыққа тіреген деп хабарлайды «Ктк» телеарнасы.

Тұрғындар амалсыздан қолдан құдық қазғанымен, одан шыққан су тек ыдыс жууға жарамды болып шыққан.

"Судан көріп отырмын. Өйткені бала жүгіріп барады да, кранды ашып ішеді. "Әй, ішпе" дегенше болмайды, ішіп қояды. Ішек ауруына шалдығып, ауруханада бір апта жатты. Бірақ анализдері әлі дұрыс емес", - дейді тұрғын Қанипа Дінішева.

Сондай-ақ Қаскелең қаласының тағы бір тұрғыны қардың суын ерітіп ішуге әрекет жасағандарын да жайып салды.

 

"Қардың суын ішейік деп ерітіп көрдік. Ішіп көрсек, қышқыл, ащы екен. Сосын бұдан уланып қаламыз ба деп қорықтық. Бетінде кішкене қара майы тұрады екен. Үйімізге қонақ келсе, көктем мен күзде солардың алдынан резеңке етік және кәлөш алып шығамыз. Оларды киіндіріп, үйге батпақтатып алып келеміз", - деді Божай Бекен есімді тұрғын.

Ал жоғарыдағылар бұл жағдайдан хабардар. Аудан осыған дейін Қаскелең қаласының шекарасына кірмегесін қараусыз қалғанын алға тартады. Енді үй салып, қоныс тепкен тұрғындар көбейгеніне көздері жеткесін бұл мәселеге білек сыбана кірісеміз деп отыр. 

"Қаскелең қаласының әкімдігі алдағы уақытта ол жерге құбыр орнатуды жоспарлап қойған. Сөйтіп, тұрғындарды сумен қамтамасыз етілмек. Жол мәселесі, көшелерге атау беру мәселесі бойынша біз оны облыстық ономастикалық бөлімге тапсырып қойғанбыз.

Қазір ол қарастырылуда. Алдағы уақытта жауабы шықса, көшелердің атауын береміз", - дейді Қарасай ауданы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақдәулет Тәліпов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы