$ 449.58  486.94  4.86

Еліміздегі 4 ақылы жолдан 2,5 млрд теңге жиналды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің айтуынша, түскен қаражат түгелдей жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады.

Елдегі төрт ақылы жолдан жарты жылда 2,5 млрд теңге түскен, деп жазады Holanews.kz. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналған кеңесте айтылды. 

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің айтуынша, түскен қаражат түгелдей жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. 

«Ұзындығы 211 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Щучинск» бағытындағы жол 2013 жылдан бастап ақылы екенін білесіздер.Сол уақыттан бері аталмыш жолды күтіп ұстауға бюджеттен бір тиын да алған жоқпыз. Биыл 134 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Теміртау» бағытындағы жолды, 47 шақырым болатын «Алматы – Қапшағай» және 292 шақырымдық «Алматы – Қорғас» жолдарын да ақылы еттік. Олар да өз есебінен қаржыландырылады», - деді Ұлан Әліпов. 

Ұлттық компания басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жолында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. 

«Бұл бағытта тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда мақсаттар, нақты іс-қимылдар, оларды орындау мерзімдері белгіленген. Жоспарды орындау үшін аумақтық бөлімшелерге тиісті ақпарат жеткізілді. Жол салу, қайта жаңарту және жөндеу кезінде жұмыс сапасына қойылатын талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жобаларды іске асыруға қатысы бар тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бойынша шаралар қабылданды. 

Сонымен қатар, автожол жобаларын мониторингілеу процесі автоматтандырылды, мердігер дайындаған материалдар туралы, техниканы жұмылдыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының барлық сатыларында жобалардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты ашатын бағдарлама іске қосылды. Келешекте бұл бағдарлама корпоративтік сайтпен біріктірілетін болады», - деді ол.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ақылы жол