Бүгінде отандық жарнама агенттіктері арқылы шетелдік жұмыс орындарына адам алу жөніндегі хабарландырулар легі толастар емес. Құдды бір Германия, Түркия, Польша, Корея, Норвегия, Дания, Португалия, Исландия, Литва, т.б. елдердің бәріне қазақстандық жұмыс күші жетіспей жатқандай, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.
Қазір бір ғана olx.kz желісінің өзінде «Шет елдегі жұмыс» айдары бойынша 300-ге жуық хабарландыру тұр. Онда шекара сыртындағы дәмхана, мейрамханадан бастап, зауыт, фабрикаларға дейін бос жұмыс орындарын ұсынған. Айлық жалақысы – 200 мыңнан 2 млн теңге аралығында. Ал біздің табыс мәселесін жақсы біліп алғандай, олардың арасында «кедейлеу» жалақыны тек Ресей төлемек. 100-200 мың теңге аралығында ғана.
Бізді елең еткізгені – сонау АҚШ-тағы табыс. Ондағы бір ұйымның теңгеге шаққандағы жалақысы 1,5 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін екен. Бұндайда еріксіз «Бұл неғылған батпан құйрық? Тегіннен тегін жатқан құйрық?» дейсіз.
Тек ер адам іздеген ID:255786330 нөмірлі ол хабарландыру «Жұмыс тəжірибесі маңызды емес» деп басталған. Сөзбе-сөз келтірсек, «Собираюсь на работу в США, нужен попутчик, мужчина от 40, не семейный, так как в посольстве мы будем представляться как семейная пара. Все это неофициально, регистрации не будет. Но обязательно со штампами в паспорте, то есть несколько стран зарубежных. Каждый платит сам за себя-конс.сбор и т.д. Пишите на почту, все подробности в личку» дейді. Онысы 3136 рет қаралған.
Біз де жұмыс берушіге хабарласпақ болып, жеке мәліметін іздедік. Алайда, «Директор» деп көрсетілген оның телефон нөмірі жазылмаған. Тек хабарландыруының астына жазбаша өтініш қалдыруға болады. Ал орналасқан жері деп картадан елорда іргесіндегі 40-шы стансаны жалпылама нұсқай салған.
Бұл ретте оларға отбасы жоқ, жасы 40-тан асқан ер адам не үшін керек деген заңды сұрақ өз-өзінен туындайды. Білуімізше, бұл – уран өндіретін зауыт пен АЭС саласының жұмысшыларына қойылатын талап. Дәрігерлердің мәліметінше, ондай жерде жұмыс істейтін кез келген отбасының отағасы бірден белден кетеді екен. Нақты айтқанда, еркектік қуатынан айырылады.
Таяқтың екінші ұшы құлдық қамытына да тірелуі бек мүмкін. Бұндай күдікке ерік бермейін десең, әлгі жұмыс орнының «аты аталып, түсі түстелмеген». Сөйтіп, қарапайым тобырды жоғары жалақы туралы мәліметпен арбап, бетпе-бет кездескенде де жалған уәдемен баурап алуға болады. Қысқасы, сенім шамалы.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ