Жаңалықтар 04.07.2019 сағат 10:56

Еркектің белсіздігі әйелдердің бедеулігімен қатар тұр

1.Әйелін бедеу санайтын белсіз еркектер көбейіп барады 2. Ерлер денсаулығын басты орынға қоятын елдік бағдарлама қажет
Еркектің белсіздігі әйелдердің бедеулігімен қатар тұр
Фото: Nuz.uz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Әлемді екі орап алатын байлығың болса да, оны мұра етіп қалдырар ұрпағың болмаса, бәрі бекер. Былайша айтқанда, баладан артық байлық жоқ. Сондықтан қай заманда да ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі өзекті күйінде қала берері анық. Ресми деректерге сәйкес, бүгінде елімізде некеге тұрғандардың 16%-ға жуығы ұрпақ сүйе алмайды екен. Ең жаманы, қазақ еркектерінің 90 пайызы баланың болмай жатқанын әйелінен көреді. Алайда, шын мәнінде еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұрса керек.

«Күйеуіме айтыңызшы...»

Түрлі урологиялық сырқаттардың кесірінен бала сүйе алмау мәселесі әлем халқының бестен бірін мазалайтын көрінеді. Қазақстанда да шамамен осы деңгейде екен. Ерлер мен әйелдердің екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау шамамен бүкіл көрсеткештің 30-40 пайызын құрайды. Астана қаласындағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығының мед­ициналық директоры Алмас Ибрагимовтің айтуынша, қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да соңғы жылдары аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Олардың арасында жас жігіттердің ауыратыны қорқыныш тудырады. Тексеру барысында анықталғаны, науқастардың басым бөлігі семіздік, қан қысымы, диабет ауруларымен ауыратыны да белгілі болған. Оның бірінші себебі үйленер алдында дәрігерге қаралу былай тұрсын, еркектердің дені қойылған диагнозбен келіспей, емделмей, жағдайды ушықтыра түседі деген  мамандар ер азаматтардың мұндай қылығын менталитеттен болуы мүмкін дейді. Яғни, «бәріне әйел кінәлі» деген ойды санасына сіңіріп алған азамат өз кінәсін мойындау былай тұрсын,  өзінің сүйіп қосылған қосағын тастап, басқа әйелге үйленіп кететіні жасырын емес. 

«Күн сайын қаншама қыз-келіншектер келіп, мұңын шағып кетеді. Көбінің айтатынын біреу «күйеуіме сіз айтсаңыз қайтеді, мүмкін түсінер, әйтпесе мені тыңдамайды, кінә өзінен екенін мойындамайды» дейді олар. Тіпті кейбірі маған жолдастарын алып келіп те жатады. Оларға жағдайды барынша түсіндіреміз. Бірақ құлақ асатындары аз. Сол азматтар текке қырсыққанша, жағдайды түсініп, дәрігерге қаралса, емделсе, әлдеқашан балалы болып кетер еді» – дейді психолог  Лимана Қойшиева.

Жабық тақырып...

«Еркектер қабілетсіздігін мойындамайды. Өйткені бұл – олар үшін интимдік сұрақ, айтуға болмайтын жабық тақырып. Кейбірі қырсығады, бірақ көбісі ұялады. Бірақ сол ұят деген нәрсе, олардың болашағына кедергі болуы дұрыс емес. Негізі репродукция, белсіздік деген ұят емес, ол ауру. Ал оны мойындамау, дәрігерден қашу – комплекс.  Сондықтан мұндайда ұялмай, дер кезінде емделіп, қаралу керек. Сонда көп мәселелерді шешуге болады», – дейді уролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ерсайын Жиенбаев. 

Жалпы, ер азаматтар бедеулігінің себебі неде? Оның екі түрі бар, біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған белсіздік. Іштен туа біткен белсіздікке жыныс мүшелерінің жетілмей тууы басты себеп. Анатомиялық тұрғыдан түсіндірсек, еркектің ұрығы жасушалардан тұрады. Олардың бір милилитрінде 60 миллиондай ұрық болуға тиіс. Егер одан кем болса, ондай ұрықтың бала жасауға шамасы келе бермейді. Жігіттің жыныс клеткаларының кемдігінің белгісі бойдың шексіз ұзын болуы, мойны қылдай болуы мүмкін дейді мамандар.  Яғни, осы секілді жағдай олардағы уақытша құбылыстың, болмаса тұрақты белсіздіктің белгісі болуы мүмкін. 
Ал, жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Бұл дегеніміз – ішімдік ішу, темекі тарту,есірткі қолдану. Ал, ерлер белсіздігінің негізгі себептердің бірі – жастайынан жыныстық қатынасқа түсіп, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, жұқтырып алу. Яғни, ерте жастан және бей-берекет жыныстық қатынасқа түсудің соңы жақсылыққа апармайды. Сондай-ақ экология, қатты қысатын киім кию, саунаға жиі бару, спорт жаттығуларымен артық шұғылданулар да бедеулікке алып келетіні айтылып жүр. Атап айтарлығы ұрықтың тіршілігін, оның санын және қабілеттілігін тек лабораториялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. 

Әйелдердегідей еркек бедеулігінің тағы бір себебі, жыныс органдарының қабынып ауруына байланысты. Әсіресе, дұрыс емделмеген және асқынған соз ауруы еркекті бедеулікке жиі ұшыратады. Кейде бала кезде болған жыныс органының жарақаттануы да тіпті ол асқынбаса да, ұрық шығаратын жыныс бездерінің қабілетін нашарлатады. Мұндай еркектің жыныс қатынасында өзгеріс болмаса да әйелінің бала көтермеуі ғажап емес. Сондықтан жастарды төбелестен және жыныс мүшесіне зиян келтіретін қимылдардан сақтай білу қажет деген кеңестерді де алға тартады дәрігер. Және ер адамдар белсіздігінің алдын алу және ауырған жағдайда емделу үшін мынадай кеңестер ұсынады;

Білікті мамандар сондай-ақ жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің гормондары төмендеп кететінін байқаған. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін еркектердің гормондары азая бастайды. Ал күйзелістік жағдайында бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Яғни, ерлердің белсіздігі жасарып барады дейді мамандар. Гормондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі де бұзыла бастайды. 

Әрине, бұл мәселе тиісті орындар тарапынан елеусіз қалған жоқ. Осыдан біршама жыл бұрын республикалық деңгейде «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдарламасы әзірленіп, ғылыми кеңесте талқыланған. Одан кейін бұл бағдарлама ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралып, бірауыздан мақұлданған. Соның арқасында 2012 жылы еліміздің кей облыстарында Ерлер денсаулығымен айналыстаны арнайы орталықтар ашылды. Мұның барлығы халық қажетін өтеу, құптарлық жаңалық. Алайда, осындай орталықтар бой көтерген сайын, науқастар саны өсті деген сайын көңілге сызат түсетіні де анық. Өзі демографиялық тұрғыдан азайып, ат төбеліндей ғана қалған ұлтымыздың болашағын ойласақ, осы дерт бөріктілерге келген ғасыр дерті секілді көрініп, адамның санасын сілкіп алатыны жасырын емес. 

Сондықтан бізге ұрпақ тәрбиелеуде, әсіресе ұл бала тәрбиесінде мына нәрселерді қадағалау шарт:

Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, темекі шекпеу, алкагольді қолданбау сияқты зиянды әдеттерден сақтану  

Баланың кішкентай кезінен бастап несеп жолдары мен аталық бездерін тексертіп, егер қандайда бір ауытқу байқалса, дер кезінде ем қабылдауын қадағалау қажет.

Түйін:

Біз:

Ереуіл атқа ер салмай, 
Егеулі найза қолға алмай, 
Ерлердің ісі бітер ме? – деген Махамбеттің отты жырларын оқып өскен ұрпақпыз. Біз үшін ер-азаматтың алғашқы міндеті – елді қорғау, батыр болу. Сондықтан кішкентайынан ұлдарымызды «сен жылаушы болма, қиналғаныңды білдірме» деп өсіреміз біз. Ал, шындап келгенде еркек те – адам. Ол да ауырады, ол да қиналады. Бірақ бала күнінен санасына құйып тастаған «сен еркексің, жылама, шыда» деген нәрсе, оның көп нәрсені мойындауына кедергі келтіреді. Яғни, ол дәрігердің оған «балалы бола алмауға сен кінәлісің» деген сөзін естігісі келмейді. Одан да өлгенім артық деп санайды. Бірақ «ауруын жасырған адам өледі» деген бар ғой. Ендеше, жалған намысқа берілмей, ерлердің емделгені дұрыс. Ал біздің гендер десе, тек әйелді ғана ойлап, оның мүддесін ғана қорғай бермей, бір мезгіл ер азаматтардың ахуалын ойлағанымыз артықтық етпейді...

Мәриям ӘБСАТТАР
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар