$ 447.4  477.55  4.76

«Бір атаның балалары»: патронаттық тәрбиенің маңызы

Соңғы жылдары патронаттық тәрбие беру қолға алынып, соның арқасында сәбилер үйіндегі көздері жәутеңдеген қаншама балақайлар жаңа жанұяларымен қауышты.
Фото: Патронатное воспитание
Фото: Патронатное воспитание

Бауыр еті баласынан бас тартқан ата-ана оның болашағына басын қатырмайды, тіпті кейбірі сәбиін тастап кеткеннен кейін оның өлі не тірі екенін білгісі де келейді. Алайда жарық дүниеге жаңа келген жас сәбиге аялы алақан, қамқор көңіл қажет. Бір қуаныштысы, өз ата-анасынан көрмеген мейірімді олар кейде өзге жандардан, өзге отбасынан кездестіріп жатады. Әсіресе, соңғы жылдары патронаттық тәрбие беру қолға алынып, соның арқасында сәбилер үйіндегі көздері жәутеңдеген қаншама балақайлар жаңа жанұяларымен қауышты. 

Қарынның аштығынан емес...

Өкінішке қарай, елімізде бүгінде 40 мыңға жуық, турасы 38 386 жетім бала бар көрінеді. Оның 14 052-сі интернатта, 11 612-сі білім беру ұйымдарында, денсаулығы нашар 1 586 бала денсаулық сақтау мекемесінде, 854 бала әлеуметтік қорғауда, 22 мың бала мемлекеттің қамқорлығында тәрбиеленуде. Әрине, олардың қарны аш, үстері жалаңаш емес, мемлекет оларды барлығымен қамтамасыз етіп жатыр. Десек те, бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Ал осы аялы алақанды сезбей өскен баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз? Отбасы – қоғамның бір бөлшегі,  адам баласы отбасында ғана ананың аялы алақанын, махаббатын сезінеді, қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады, өз халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіреді, дүниетанымы мен діни көзқарастары қалыптасады, яғни отбасы адамның белгілі бір қоғам мен өркениеттің бір бөлшегі ретінде өмірден өз орнын табуына ықпал етеді. Сондықтан да Қазақстан соңғы жылдары баланы жаңа отбасына бейімдеудің тағы бір түрі – патронаттық тәрбиені жолға қойды. Нақты айтқанда, бұл жоба елімізге 2004 жылы енгізілді. Соған сәйкес,  патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы алдымен білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық органына қажетті құжаттар тізбесі бойынша құжаттарын жинап өткізеді. Жинақталған құжат бойынша патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы білім бөліміне үміткер ретінде тіркеледі. 

Бауырлар ажыратылмайды

Жалпы, патронаттық отбасы институтының мақсаты – балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерді болашақтағы қоғам өмірімен араластырып, өзінің орнын табуы үшін және жастайынан ана махаббатынан мақұрым қалған балаларға отбасылық жылу беріп, ата-ананың қамқорлығы арқылы толыққанды азамат етіп, әлеуметтік ортаға қосу. Бірақ, патронаттық тәрбиені бала асырап алумен шатастыруға болмайды. Патронат ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы бауы­рына басып, уақытша тәрбиелейді. Дегенмен, біле білген адамға жетім балаларды өзінің отбасында тәрбиелеуге алып, оның оқуын, тамағын, киімін тауып беру секілді күнделікті тұрмыстық мәселерді шешуді мойнына алу – өте күрделі мәселе. Сондықтан еліміз патронат болған отбасыларға ай сайынғы көмек ретінде жәрдемақы тағайындаған. 2005 жылы бір балаға бір айда 17000 теңге төленетін. Отбасына жетім баланы тәрбиелеуге алған азаматтарды материалдық қолдау мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес патронаттық тәрбиешіге әр балаға ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жетім балаларды күтіп-бағуға арналған ақшалай қаражат және қосымша (еңбек өтілі мен категориялық санатына байланысты) 2011–2014 жылдары 36000-60000 теңге шамасында айлық төленеді. 

Бір айта кетерлігі, жасы 10-ға толған бала өзінің келісімімен ғана тәрбиелеуге беріледі. Ағалары мен қарындастарын медициналық қорытындылар немесе басқа да себептерге байланысты, олардың бірге тәрбиеленуіне мүмкіндігі жоқ жағдайларда болмаса, ажыратуға жол берілмейді. Патронат тәрбиешілерді іріктеп аларда олардың бала тәрбиелуге қабілеті, балаға көзқарасы ескеріледі. 

Патронаттық тәрбиеге алу шартты қандай?

1.Азаматтар өзінің тұрғылықты жері бойынша органға жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы патронаттық тәрбиеге алуды қалайтыны туралы жазбаша өтініш жазады. 

2.Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеріп-қарауды жүргізу туралы өтініш білдіреді. 

3.Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі мен неке қию куәлігінің көшірмесін тапсырады. Ал егер үміткер некеде болмаса некеде жоқ екенін растайтын анықтама ұсынады. 

4.Жақын туыстарының баланы тәрбиеге алуға қарсылығы жоқ екені жөнінде жазбаша келісімі мен кемінде үш көршінің ұсыным хатын әкеледі
 

5.Жұмыс орнынан анықтама мен мінездеме, жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама, отбасы жағдайы туралы анықтама, 

6.Ерлі-зайыптылардың денсаулық, оның ішінде психикалық жағдайы туралы, есірткіге, алкогольге тәуелді еместігі, өкпе-құрт, тері аурулары және АҚТҚ орталықтарында есепте тұрмайтындықтары туралы анықтамалары

7.Бұрын-соңды сотты болмағандықтарын растайтын анықтама, 

8.Тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжат пен өмірбаяндарын өткізу керек.

Ал ең бастысы, тәрбиелеушінің педагогикалық дипломы болуы керек! 

Айта кететін бір мәселе, бұрындары патронаттық тәрбиеге өтінішті кез келген мамандықтың иесі бере алатын еді. Алайда ҚР Үкіметінің 2012 жылы бекіткен 384-қаулысына орай, тәрбиелеуші педагогикалық лауазым иесі болуы керек.

Бауырға басқанбыз баршаның баласын...

Балаға қай кезде де, қай елде де керегі бір-ақ нәрсе. Ол – мейірім. Ата-ананың мейірімінен артық балаға еш нәрсе керек емес. Елімізде балаларды жетімдер үйінен патронаттық отбасына берудегі мақсат та сол – яғни, балалар біреуді ана, біреуді әке, біреуді бауыр деп, жақын тартып, солардан жылу сезінсе деген мақсат жатыр. Жалпы, қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел. Тоқшылық заманды былай қойғанда, сонау қилы кезеңдерде, аш-жалаңаш, зұлмат соғыс кезінде де қазақ халқы вагон-вагон болып келген өзге ұлттың жетім балаларын да далада қалдырмаған. Үйді-үйге үлестіріп, бауырына басқан. Бұған Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» дейтін әңгімесі мысал бола алады. Бір қора баланы арбаға отырғызып, ауылға алып келген колхоз төрағасының: «Халайық, мына балалардың әке-шешесі бомба астында өлген. Бірі – беларусь, бірі – украин, бірі – орыс. Бір-бір баладан асырап аласыңдар!»  дегені есіңізде ме? Сонда сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, қазақ бір жапырақ нанға зар болып отырып, өзінің жетіміне қосып, өзгенің де жетімін асыраған. Бүгінде өз перзенті түгілі өзгенің де баласын бауырына басып, ата-аналық мейірімін төгіп, сәбилерді бағып-қағып өсіріп жатқан мейірімді жандарды қазақтың сол бір бауырмалдығын бойына сіңірген ғазиз жандар деуге болатындай. 

Мәриям ӘБСАТТАР
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары