Түркиядан тауар әкелмек болған қазақстандық жүк көліктерін Ресей шекарашылары елімізге жібермей отыр. Жерлестеріміз осымен оныншы күн қатарынан Ресей-Грузия шекарасында тығырыққа тірелген. Көліктер кері қайтайын десе ауа райының қолайсыздығы кедергі болуда. Осы жайтқа байланысты "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресейдің Федералды кеден қызметінен түсінік беруді талап етуде.
ҚР Халықаралық көлік тасымалдаушылары одағының хабарлауынша, 25 қарашадан бастап Жоғарғы Ларс (ресей-грузин шекарасы), Троеборт және Крупец (ресей-украин шекарасы) кеден бекеттерінде Түркиядан транзитпен Қазақстанға жол тартқан көліктердің Ресейге өтуіне тыйым салынған. 2 желтоқсандағы жағдай бойынша, аталған бекеттерде тығырыққа тірелген қазақстандық көліктердің саны 74-ке жетіпті.
Қазақстанның құзырлы органдары мәселені шешу үшін жүргізушілерге елге келудің өзге жолдарын ұсыныпты. Нәтижесінде, шекарада тұрып қалған көліктердің жартысына жуығы Ресейді айналып өткен.
Ал, тағы 35 жүк көлігі ауа райының қолайсыздығын алға тартып, Ресей шекарасынан аса алмай отыр. Олар өздерінің расымен де қиын жағдайда қалғандарын бейнекамера алдында айтып, видеороликті ғаламтор арқылы жариялады. Айтуларынша, Ресей шекарашылары қазақстандықтар мен Орта Азия елдерінен транзит арқылы Түркиядан келе жатқан жүк көліктерін еш себепсізден ұстап отырған көрінеді. Ақшасы мен тамағы таусылған жүргізушілер енді қайда барарын білмей дал болып отыр.
Еуразиялық экономикалық одақтың Келісімшартында көрсетілгендей, мүше мемлекеттер сырттағы елдермен экономикалық қарым-қатынас жасауға құқылы және оған өзге мүше мемлекет кедергі келтірмеуі тиіс. Алайда, Ресей тарапы осы талаптарды орындамай отыр дейді "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы.