Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылының 20 жастағы тұрғыны Айзада Авлатарова із-түссіз жоғалып кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz. Студент қыз 3 желтоқсан күні таңертең үйінен шығып, Өтеген батыр ауылындағы колледжге оқуына бару үшін таксиге отырған. Алайда, ол оқу орнына сол күйі бармапты. Екі елдімекеннің арасы шамамен 25 шақырымды құрайды.
Жоғалған қыздың туыстарының айтуларынша, Айзада экономика және құқық колледжінде білім алған. Таксиде отырған кезінде ол достарының біріне телефон арқылы хабарласып, көлік жүргізушісі оны Қапшағай жаққа алып кетіп бара жатқанын және қорқып отырғандығын айтыпты. Араға тағы бірнеше минут салып студент қыз тағы бір құрбысына қоңырау шалып, колледжге 5 минутта келетінін айтқан. Алайда, Айзада оқу орнына сол күйі келмеді. Ал, телефоны болса сөндірулі.
Бойжеткеннің туыстары сол күні-ақ полицияға арызданып, қыздарына іздеу салған көрінеді. Алайда, жоғалған қыздан еш хабар жоқ.