Алматы облысында ер адам ата-анасына пышақ ала жүгіріп, анасын өлтіріп, әкесін ауыр жарақаттады, деп жазады Sputniknews.kz ақпараттық порталы.
"Қылмыс үйде жасалған. Ер адам тұрмыстық жанжал кезінде ашуға бой алдырып, ата-анасын пышақтап тастаған. Әйел оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмды. Дәрігерлер әкесінің өмірін ажалдан арашалап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, қылмысқа кінәлі адам ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жалпы, өткен тәулікте республикада 734 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның 444-і ашылды. Барлығы 4 кісі өлтіру, 6 зорлау, 32 есірткі қылмысы, қасақана ауыр дене жарақатын салумен байланысты 8 құқық бұзушылық, 18 тонау қылмысы жасалды.