04.08.2019, 06:22

Қырғызстанның бас прокуратурасы Атамбаевтың жағдайына байланысты түсініктеме берді

Биліктің түсіндіруінше, куәгерлер тергеу орындары шақырған кезде баруға міндетті.

Қырғызстанның бас прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жағдайына байланысты түсініктеме беріп, алғаш рет қай іс бойынша оны тергеуге шақырып жатқанын түсіндірді. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылған, деп жазады Азаттық.

Биліктің түсіндіруінше, куәгерлер тергеу орындары шақырған кезде баруға міндетті.

"Атамбаев заңда көрсетілген тәртіпті бұзып, түрлі сылтау айтып, куәгер ретінде полиция шақыруын елемей жүр. Егер куәгер Атамбаев тергеудің жан-жақты объективті болғанын қаласа, тергеу орындарына барып, осы іс бойынша өзіне мәлім жайттардың жай-жапсарын баяндауы тиіс" деді прокуратура өкілдері.

2 тамызда ішкі істер министрлігі қағаз-құжаттарда өзін Атамбаевтың адвокаты ретінде көрсеткен Сергей Слесаревтің өзі қорғап отырған адамнан сенімхатты әлі әкелмегенін айтты.

"Сол себепті оның бұл іске адвокат ретінде қатысуына құқығы жоқ, сәйкесінше қандай да бір өтініш, шағым түсіруіне де құқығы жоқ" деді прокуратура.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Атамбаевты үш рет тергеуге шақырған, бірақ оның ешқайсысына бармаған. Атамбаевтың заңгерлік мәселелер бойынша өкілі Сергей Слесаревтің айтуынша, оның экс-президент ретінде тиіспеушілік мәртебесі әлі күшін жоғалтпағандықтан ІІМ оны тергеуге шақыра алмайды.

Кейінірек Атамбаев жағы ІІМ-ге жазбаша жауап беруді ұсынған. Бірақ министрлік Атамбаевтың сұрақтарға жазбаша жауап беруіне келісім бермеген.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесін айырған.

Бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

Тегтер: Қырғызстан