Бүкіл ел бойынша ашылған Экочелленджге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та қолдау көрсетті. Өңір басшысының бастамасымен жаппай экологиялық сенбілік барлық қалалар мен аудандарда өтті.
Қарағанды облыстық маслихатының мәліметінше, ауқымды тазалық шарасына шенеуніктер, депутаттар, бизнесмендер, еріктілер мен қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын азаматтар шықты.
Ерлан Қошанов челлендждің қоғамды біріктіруге және әртүрлі идеяларды ілгері тартуға септігін тигізетін бейресми тәсілі екенін атап өтті.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, тек Қарағандыда ғана акцияға шамамен 7 000 адам қатысып, 4 000 тонна қоқыс шығарылған. Облыс қалалары мен аудандарында су қоймалары мен жол бойындағы аумақтар қоқыстан тазартылды, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлері жойылды. Бұл жұмысқа облыс бойынша барлығы 20 мыңнан астам адам қатысты.
- Облыс орталығында экологиялық сенбілік алты нысанда өтеді. Федоров су қоймасының жағалауы, Кіші Бұқпа өзенінің арнасы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына іргелес аумақ ретке келтірілетін болады. Сондай-ақ тазарту жұмыстары мемлекеттік орман қоры аумағында жүргізіледі. Бұдан басқа, «Ғарыш сапары» бағдарламасы бойынша ғарыштық мониторинг көмегімен анықталған 12 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылады. Осындай акциялар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтеді. Самарқанд, Кеңгір су қоймалары, Балқаш көлі, он өзен арнасы тазартылады, - деді ол.
Қоғамдық «аула сыпырушылар» десанты Федоров су қоймасының қалалық жағажайына шықты. Жазғы ыстықта қала тұрғындары бұл орынға көптеп жиналады, демалушылар көбінесе қоқыстар тастап кетеді. Көктемгі сенбіліктер кезінде жағалаудан 53 КамАЗ көліктерімен қоқыс шығарылды, ал жаз басталғаннен бері ай сайын 10 КамАЗға дейін қалдықтар жиналады, деп атап өтті Қазыбек би атындағы аудан әкімі Татьяна Шатохина.
- Менің ойымша, мұндай акциялар бір күн ғана жасалып, ұмытылып қалатын шара емес. Міндетті түрде қандай да бір ізін қалдырады. Өкінішке орай, бізде әлі де адамдарға экологиялық мәдениетті баулып, тәрбиелеу керек - ұзақ уақыт бойы халық табиғатқа, тазалыққа және тәртіпке бейжай қарап келді. Ал қазір біз осының бәрі біздің мекен етіп отырған жеріміз екенін түсініп, қоршаған ортаны қорғау үшін қолдан келгенді жасауымыз керек, - деп есептейді экосенбілікке қатысушысы, Қарағанды облысының құрылысшылар қауымдастығының директоры Найля Қайырбекова. - Бүгін мен темекі тұқылдарын жинадым, бірақ олардың барлығын жинау мүмкін емес. Бұл мен үшін қиын емес. Егер менің біреудің соңынан қоқысын жинап жатқанымды көрер болса, ол адам келесі жолы қоқысты лақтырмас бұрын ойланады, темекісін жерге тастамайтын болады. Осының барлығы жай ғана бір нәрсе істедім деп мақтану үшін емес. Біртіндеп адамдар тазалыққа осылай үйренеді.
Естеріңізге сала кетейік, #Birge #TazaQazaqstan экологиялық сенбіліктері бүкіл еліміз бойынша өтуде. Акцияны Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен Министрлер Кабинетінің мүшелері қолдады.