Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болған үш адам ажал құшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«3 адам қаза болды. Тағы 7 адам ауруханада жатыр. Біреуінің аяғы сынған. Ал қалған алтауы түрлі күйік жарақаттарын алған. Қайғылы жағдай кеше, күндізгі сағат 13:00 шамасында болды. Таудағы жайылым өртеніп, тоғайға қарай бағыт алған. Бұл адамдар - соны өшірмек болғандар», - деді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов.
Ал көз жұмғандардың бірі Жерұйық ауылының тұрғыны екен.
«Қаза болған адам - менің көршім. Есімі Қанат еді. Бес баласы артында қалды. Біз Жерұйық ауылында тұрамыз. Бұлар ерікті болып барған көрінеді. Қанат аудандық әкімдікте көлік жүргізуші болып істейтін», - деді ауыл тұрғыны.