07.08.2019, 03:00

Мүгедек қылды: Алматыда 4 жігіт қоқыс жинаушыны соққыға жықты

Оқиға 26-сәуір күні таңғы 7 шамасында болған.

Алматыда қоқыс жинаушыны соққыға жығып, мүгедек қылғандардың ісі сотқа өтті. Белгілі болғандай, төбелесті бастаған төрт бұзақының тек біреуіне ғана айып тағылған, деп хабарлайды  "КТК" телеарнасы

Оқиға 26 сәуір күні таңғы 7 шамасында болған. Тұрғын үйлердің маңында қоқыс тазалап жүрген жұмысшыларды 4 бірдей бұзақы жабылып ұрған. Төбелесті куәгерлердің бірі түсіріп алған. Бұзақылардың бірі қоқыс тазалаушы Сырлан Омаровты ұрып, жерге сұлатқан. Кейін белгілі болғандай, қоқыс тазалаушылар олардан тек көліктерін ала тұруды сұрапты. Бірақ түнімен көңіл көтеріп, қоқыстың маңында бас жазып отырған жігіттер оларға қарсы тап берген. Соққының ауыр болғаны сонша, дәрігерлер қоқыс жинаушыны әрең дегенде аман алып қалған. Бір апта комада жатқан жігіттің басына 5 сағатқа жуық ота жасалып, бас сүйегінің бір бөлігі алынған. Соның салдарынан, білдей бір отбасының асыраушысы жүріп-тұра алмай қалған. Осыған байланысты оның туыстары күдіктіге тағылған "абайсызда соққыға жықты" деген айыппен келіспейді. Олар бұзақыны "денсаулыққа қасақана зиян келтірді" деген баппен жазалауды сұрайды.   

"Осы жылдың 5 тамызында Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына Өтегеновке қатысты қылмыстық іс түсті. Ол ҚР ҚК 114-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген, яғни абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені, осы қылмыстық әрекетті жасағаны үшін айыпталады", — деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы Абай Жарылқасын.  

Айыпталушы – 28 жастағы жұмыссыз жігіт. Дегенмен ол пәтерлерді тәулікке жалға берумен айналысады деген ақпарат бар. Полиция департаментінің мәліметінше, жігіт қазір қамауда. Оның қасында болған тағы 3 бұзақы туралы әзірге ешнәрсе айтылмай жатыр. 

Тегтер: Алматы