$ 444.32  473.33  4.76

Жанармай бекетінің жарылуы салдарынан ата-анасынан айрылған келіншек әділеттілік іздейді

Әйелдің денесі мен бетінің 73%-ы күйіп, төрт жасар қызын 60% күйік шалған.

Павлодар облысы Шідерті ауылының тұрғыны баласымен бірге газ баллонының жарылуынан қатты күйіп қалды, деп жазады Sputniknews.kz ақпараттық порталы.

Найляна Имашеваның отбасындағы қайғылы жайт былтыр желтоқсан айында болған.

«Бес литрлік баллонды жанармай бекетінде толтырып алып, үйге әкелдік. Кіреберісте тұрды, әлі пайдаланбаған едік. Біраздан соң жарылып кетті. Үйіміз өртеніп, ата-анам қаза болды», - деп 30 жастағы зардап шегуші ішкі Істер министріне болған оқиғаны баяндады.

Әйелдің денесі мен бетінің 73%-ы күйіп, төрт жасар қызын 60% күйік шалған.

Болған оқиғадан кейін аудандық Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 204-бабы (біреудің мүлкін жою және бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғапты. Ал ата-анасының өлімі бойынша полиция іс қозғаған жоқ, біраз уақыттан кейін азаматтық іске ауыстырғанын айтқан.

«Полиция мен прокуратураға да арыз жаздық, бірақ ата-анамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғамады. Жанармай бекеті әлі жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер жазасын алса деймін», - деді Павлодар облысының тұрғыны.

Жәбірленушіні тыңдап болған соң, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әйел адамға тергеу департаментіне шағым түсіруге кеңес берді. Сол жерде барлық деректі тексереді екен.

Сондай-ақ, министр облыстық департаментке жанармай бекетінің қызметін тексеруді тапсырды.

«Өрт-техникалық сараптама жасаңыздар, тұлғалардың кім екені белгілі. Оларды жауапқа тарту керек. Жазалау туралы бұйрық дайындаңыздар. Керек болса, жұмыстан шығарылсын», - деп тапсырма берді Ішкі істер министрі Павлодар облысының полиция басшылығына.

Ерлан Тұрғымбаев Павлодар облысының Полиция департаментінің жұмысына разы емес екенін де атап өтті.

«Адамдар шағымданып келеді. Ешқандай жауап жоқ. Барып тұрған заңсыздық! Барлық дерек бойынша тексеріс жіберемін», - деп министр сөзін түйіндеді.

Министрмен кездесуден кейін Найляна Имашева тілшілерге берген сұхбатында қазір күнкөрісі өте төмен екенін айтты. Ата-анасынан айырылып, жан күйзелісіне ұшырауымен қатар, әйел адам қазір туған-туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Оның үстіне, терісін қалпына келтіру үшін ота жасатуы керек. Мұндай отаның құны - Кореяда 70 миллион теңге.

Имашеваның айтуынша, қайғылы жайттан кейін жанармай бекетінің өкілдері зардап шеккендердің отбасымен хабарласпаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары