08.08.2019, 09:25

Алматы облысында 37 жастағы ер адам ұсталды: ол 8 жастағы қызды зорламақ болған (ВИДЕО)

Құрбыларын іздеп шыққан қаршадай қызды арам ойын іске асырғысы келген азамат ертіп әкеткен. Бейкүнә бала соңынан еріп, үйіне дейін бір-ақ барыпты.

Алматы облысында 8 жастағы қызды базбіреу зорламақ болған. Осы оқиғадан кейін тұрғындардың барлығы маңайларына үрке қарап, шошынып отыр. Бір қызығы, зәбір көрген қыздың куәлігінен кейін ұсталған азаматты прокуратура өкілдері қайтадан бостандыққа жібере салған. Алайда мұндай оқиғаның тағы да қайталануынан секем алған жұртшылық құқық қорғау органдарының салғырт ісіне наразылықтарын білдірді, деп хабарлады КТК арнасы.

Приозерск саяжайы қауымдастығының тұрғындары бір аптадан бері тұрмыстық тіршіліктерін ысырып тастап, балаларын күзетуге кіріскен. Себебі, 2 тамыз күні 8 жастағы Софияны көрші саяжайдың тұрғыны зорламақ болған. Бұған дейін асыр салып ойнайтын балаларға ешқандай тосқауыл қоймағандарымен, енді әрбір қадамдарын жіті бақылауына алған. 

«Балалардың барлығы қазір бақылауымызда. Көрші көшеге жіберсек те соңынан хабарласып, аман-есен жеткенін сұрап отырамыз. Софияның жағдайынан кейін барлығымыз қорқып қалдық», - дейді Приозерск саяжайының тұрғыны Елена Иванова.

Құрбыларын іздеп шыққан қаршадай қызды арам ойын іске асырғысы келген азамат ертіп әкеткен. Бейкүнә бала соңынан еріп, үйіне дейін бір-ақ барыпты. Алайда, қираған қораның ішіне кіргенде өзінің мүлде басқа жаққа келгенін түсінген. 

Әбден шошып үйіне келген Софияның өңі қашқанын әпкесі байқаған. Анасының айтуынша, ер адам жеткіншекті үйінің қорасына апарып, сүйе бастаған. Жеткіншек айғайлауға тырысқанымен, оны қорқытып, дыбысын шығартпаған екен. Киімдерін шешіп, өзінің ойына келгенін істемекке оқталып, кенет босатып жіберіпті. 

«Біз ести сала бірден сол жерге қарай тұра ұмтылдық. Барсақ, ешкім жоқ. Кейіннен құзырлы органдарға хабарласып, бірден шағымдандық. Полиция өкілдері қызыма телефоннан күдіктілердің суреттерін көрсетіп, біреуін таныдық. Кейіннен сол үйде тұратыны белгілі болды», - дейді Приозерск саяжайының тұрғыны Оксана Олейникова. 

Сонымен қатар, тұрғындар прокуратура өкілдерінің күдіктіні бостандыққа жібере салғандығына да наразылықтарын жеткізді. Тергеу ісі аяқталмай, үйіне келген азаматтың тағы бір іске баруынан қорыққан. Бірақ бүгін Алматы облысының Полиция департаментіндегілер күдіктінің қайтадан қамауға алынғанын жеткізді. 

«Осы ауылдың 37 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда Іле аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл іс облыстық департаменттің ерекше бақылауына алынды», - деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.   

Осы маңда орналасқан 15 саяжай қауымдастығанда 500-ге жуық бала бар. Қазір барлығын бақылауымызда ұстап отырмыз деген тұрғындар, оқу жылы басталатынын ойлап тіпті алаңдаулы. Себебі, екі ауысыммен оқитын оқушылардың мектебі 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Осылайша, қапияда қорлыққа тап болудан сескенгендер тәртіптің күшейтілгенін тілеп отыр.