Алматы облысы бойынша Экология департаменті Алакөлге лас су ағызған мекеменің қызметін тоқтату туралы сотқа талап-арыз түсіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Алматы облысы бойынша Экология департаменті Алакөл көліне сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша «ALMATRADEGROUP» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Су көл жағасында орналасқан екі бассейннен (балалар мен ересектер) заңсыз орнатылған құбырлар арқылы ағызылған. Департамент кәсіпорынның құжаттамаларын тексеріп, судың сынамаларын алды», - делінген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасында.
Тексеру нәтижелері бойынша, сарқынды суларды мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы мен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатсыз ағызуды жүзеге асыру бөлігінде заңбұзушылықтар анықталған.
«Жіберілген экологиялық заңнама бұзушылықтары үшін әкімшілік айыппұл салынды. Сарқынды суларды ағызу жүзеге асырылған құбырларды жою туралы ұйғарым берілді. Сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы анықталып жатыр. Алматы облысы бойынша Экология департаменті мекеменің қызметін тоқтату туралы сотқа талап-арыз беретін болады. Су ресурстарының сапасы тұрақты жағдайда, қоршаған ортаға қауіп байқалмайды. Алматы облысы бойынша Экология департаменті «Қазгидромет» РМК филиалы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен берлесіп суға мониторинг жүргізуде», - делінген министрліктің хабарламасында.
Алматы облысындағы Алакөлге құбыр арқылы лай су төгіліп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.