08.08.2019, 14:27

«Барлық айыппұл мен өсімпұл кешірілді»: ҚР Ұлттық банкі мәлімдеме жасады

Сәлімбаевтың айтуынша, айыппұл мен өсімпұлы кешірілген азаматтардың саны 1 миллионнан асады.

Бір миллионнан астам қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық кредиті бойынша айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкі қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы президент жарлығына сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан кепілсіз тұтынушылық кредит алған қазақстандықтардың айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді.

Сәлімбаевтың айтуынша, айыппұл мен өсімпұлы кешірілген азаматтардың саны 1 миллионнан асады.

«Айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асады. Ұлттық банк осының 30 процентін, яғни 10 миллиард теңгесін өтейді. Қалғаны екінші деңгейлі банктердің есебінен жабылады. Барлық айыппұл мен өсімпұл кешірілді», - деді Сәлімбаев елордада өткен брифингте.

Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов 5 миллион қазақстандықтың айыппұлы мен өсімпұлы есептен шығарылатынын айтқан болатын. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 48 миллиард теңгеге жуық деген еді ол.

Ал әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың кредиті тамыз айының соңына дейін өтелмек. Бұл тізімге енген қазақстандықтардың саны 500 мыңнан асады.

Ол үшін кредиттің жалпы сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы керек. Сол кезде мемлекет бір адамның 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызын жауып береді.

Әлеуметтік топқа кіретіндер:

көпбалалы отбасылар;

асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар;

мүгедек балалары бар, 18-ден асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;

атаулы әлеуметтік көмек алатындар;

жетім балалар;

ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.

Бұл бағыт бойынша қарыз сомасы 100 миллиард теңгені құрап отыр. Қазақстандықтардың кредиті республикалық бюджет есебінен өтеледі.