Астанада көпір салып жатқан жұмысшылар 9 айдан бері жалақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар бүгін ереуілге шықты, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Шиеленіскен жағдайға Бас мемлекеттік еңбек инспекторы араласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен, 9 ай тыпыр етпеген жұмыс беруші бүгін ақша аударуға дайын болып шықты.
«Үйге кіруге де ұяламыз бала-шағамыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде», - деп айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осылай зар илеп отыр.
Таң алакеуімде олар жан-жақтан жиналып, құрылыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін.
«Біз аштық жариялаймыз. Түнімен осы жерде жату керек пе, жатамыз. Біздің ақшамызды бергенше», - деп ашуланды Шайра Рузметова.
Жұмысшылардың жандарында учаске полицейі де болды. Ереуілшілерді сабырға шақырып, бір жерге үйіліп тұрмауларын сұраған. Ашулы жұрт өз талаптарын алға тартып, орындарынан бір адым да жылжыған жоқ. Мемлекеттік еңбек инспекторы халықтың жанайқайын тыңдаған соң, мәселенің шешімін іздестіретінін айтты.
«Бухгалтерияға осы жиналған жұмысшылардың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жалақы шоттарына аударылады» , - деді жоба жетекшісі Александр Попов.
Тізім бойынша 26 адам ғана. Ал айлығын ала алмай, ауылына қайтып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күндері олардың да еңбекақысын береміз деп отыр. Екі айдан бері толассыз түсіп жатқан арыз-шағымдарға сүйенген еңбек инспекциясы көпір салатын компанияны тексермек.
«Бүгін мына мәселені шешкеннен кейін, ертең осы жерде істеген басқа адамдар арызбен қайтадан келеді ғой. Солар арызбен келмесі үшін сол мекемемен тексеру барысында жұмыстар жүргізіледі. Біздің түсірілім тобы келгенде қаңтарылып тұрған техникалар біраз уақыттан кейін «тіріле» бастады. Ал аштық жариялаған жұмысшылар сол орындарында жалақыларын күтіп қала берді», - деді ҚР ЕЖХӘҚМ Еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
Көпір 2018 жылдың желтоқсанында салынып бітуі керек еді. Кейін құрылысы осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Егер жұмысшыларға жалақы төленбесе, тағы да орта жолда қалатыны анық.