09.08.2019, 11:10

Түркістан облысында 500-ге жуық жүргізуші көлікті мас күйінде айдады

Фото: krsk.aif.ru
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған құжаттар сотқа жолданды.

Түркістан облысында полицейлер жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп тұрады. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері мас күйінде көлік айдаған 500-ге тарта жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шардара ауданында учаскелік полиция инспекторы И. Дәуірбаевқа жергілікті тұрғын белгісіз біреу жол ережесін бұзып, мас халде көлік басқарып жүргені жайлы хабарлаған. Тәртіп сақшылары жолда басқаларға кедергі келтірген көлікті дереу анықтап, табады. Тексеру барысында жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылғаны, соған қарамастан, масаң күйде рөлге қайта отырғаны анықталды. Арнайы жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, көлік тізгіндеушінің орта дәрежелі мас екені расталды. 

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты, көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркелді. 

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған құжаттар сотқа жолданды.