Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті отандастар!
Күллі мұсылман үмбетін Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!
Қасиетті Құрбан айт – мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарының теңдессіз көрінісі ретінде халқымыздың рухани дүниесінен ерекше орын алатын мейрам.
Имандылықты өскелең ұрпақты тәрбиелеу көзі деп санайтын мұсылман қауымы осы күні ізгі ниетімен игі істер атқарып, өзара түсіністік пен келісім рухын нығайта түседі. Бұл - ынтымақ пен бірлікті қадір тұтып, сақтап келе жатқан еліміз үшін өте маңызды.
Қасиетті мейрамда баршаңызға зор денсаулық, құт-береке тілеймін. Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендей берсін!» - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Құттықтау сөзді Елбасының баспасөз қызметі жариялады.
«Құрметті отандастар!
Сіздерді Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!
Құрбан айт – әлемдегі бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті мейрам, жақсылықтың, қайырымдылық пен кеңпейілділіктің символы.
Бұл мереке бейбітшілік, бірлік және келісім сияқты жалпы адами құндылықтарды қастерлеуге үндейді.
Құрбан айт және басқа да діни мейрамдар қоғамда рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуға септігін тигізетіні және ізгі ниет пен игілікті амалдар арқылы көрініс табатыны қуантады.
Осы мейрамда айтылған игі тілектеріңіздің бәрі орындала берсін!
Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» - деп құттықтады Нұрсұлтан Назарбаев.